Қарағандыда Болат Сыздықовты еске алу концерті музыканттың 60-жылдығы құрметіне өтті (ФОТО, ВИДЕО)

Кенеттен көз жұмған композитор, әрлеуші, «Мюзикола» тобының гитарашысы 60 жылдығын тойлай алмай кетті. Мерейтой 21 маусымда болды. Осы күні оның туған қаласында еске алу концерті өтті. Б. Сыздықовпен бірге өз шығармашылығын бастаған қазақстандық эстрада жұлдыздары мен қарағандылық әртістер әріптесін, досын еске алды.
«Болат әрдайым жүрегімізде қалады. Оның әндері, музыкасы, барлық шығармашылығы еліне, туған қаласына, өзін қоршаған адамдарға деген махаббаттан тұрады», - деді кешті ұйымдастыруға бастамашылық еткендердің бірі, бизнесмен-меценат Ерлан Досмағамбетов.
Ерлан Көкеев пен «К-7» тобы Б. Сыздықовтың репертуарынан «Атамекен», «Естелік» туындыларын орындады. Залда оның туыстары болды. «Болат Қазақстан, Қарағанды жайлы күй шығаруды армандайтын, үлгермей кетті. Бүгінгі концерт мен үшін ерекше», - деп ойымен бөлісті әпкесі Рауза Сыздықова.
Балқаштан Болаттың тәлімгері Александр Пронин келді. Ол музыкалық композициясын арнады.
«Мюзикола» дуэтіндегі әріптесі Карина Абдуллина кештің арнайы қонағы болды. Ол досына арнап оның жақсы көретін әндерінің бірі - «Девочка в платьице белом» әнін орындады. «Саксафон» әнін өмірден озған Болат пен жақын досы Батырхан Шүкеновке арнады.
Кеш Сыздықовтың Қарағандыға арналған әнімен аяқталды.
Еске салсақ, музыкант «Мюзикола» тобының негізін қалаған Б. Сыздықов 2016 жылы 7 мамырда Алматыда мезгілсіз көз жұмған болатын.
Ол Қарағандыда туған. Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтын аяқтаған. Қарағанды филормониясында еңбек жолын бастап, әр жылдары «Гүлдер», «Арай», «А-Студио» ансамбльдерінде өнер көрсеткен. 1992 жылы «Мюзикола» дуэтін құрды.