Қарағандыда бұрынғы жоғары қызметтегі полицей шартты түрде 5 жылға сотталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда облыстық ІІД әкімшілік полициясы басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Ерғабыл Жүкенов алаяқтық пен пара беруге арандатқаны үшін шартты түрде 5 жылға сотталды.

Бұл туралы Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотынан хабарлады.

«11 наурызда Е.Жүкеновке қатысты сот үкімі шығарылды. Ол ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөліміндегі 2-тармағы (алаяқтық), 28-баптың 4-бөлімі, 367-баптың 4-бөлімімен (пара беруге арандатушылық) айыпты деп танылды. Ол 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызметтер атқару құқығынан айырылды. ҚР ҚК-нің 63-бабына сәйкес, тағайындалған жазаны 2 жылдық мерзімге пробациялық бақылау орнатумен шартты деп есептеледі», - деді арнайы соттың баспасөз қызметінен.

Тергеу нұсқасы бойынша, полиция подполковнигі қарамағындағы қызметкерлерден ақша бопсалап, құқыққа қарсы әрекеттері үшін жауапкершіліктен босатуға уәде еткен. Оның қолына жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің «Астана-Алматы» күре жолындағы тексеру бейнежазбасы түсті. Видеода полицейлердің пара алып, жүргізушілерді жол ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпауға келіскендері түсірілген.

Іс бойынша 11 жәбірленуші анықталды.Олардың әрқайсысынан бастықтың орынбасары 5 мың АҚШ долларын талап еткен. Қарамағындағы қызметкерлер екі күндік мерзімде 55 мың АҚШ долларын жинап, ақшаны іс бойынша куәгер болған жол-патрульдік полиция батальонының командирі арқылы беріп жіберген.

Сотталушы кінәсін мойындамай, оны ақтауды сұрады. Прокурорлар бас бостандығынан айыру жазасын талап етті.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық комиссияға шағымдануға немесе наразылық білдіруге болады.

Соңғы жаңалықтар