Қарағандыда екі адамның ажалына себепкер болған жүргізуші қамауға алынды
Жол көлігі апатының себебі анықталды. Toyota Camry-дің жолаушылар креслосында 26 жастағы қыз сіңілісімен отырған. Жүргізуші 5 қарашаға қараған түні Шахтеров даңғылынан Республика даңғылы бағытына қарай жылжып келе жатқан. Алдын ала мәліметтер бойынша көлікті басқара алмаған жүргізуші бір бағытта кетіп бара жатқан ВАЗ 2107-ге соғылған. Оны жанамалай соғып өткен Toyota Camry қарсы бағытқа шығып, Mercedes-Benz-ке соғылған. Ауыр жарақат алған ВАЗ жүргізушісі мен жолаушысы апат орнында көз жұмды. Екеуі де 1972 жылы туған. Toyota Camry-дегі апалы-сіңілі екі жолаушы жарақат алды. Көрсетілген медициналық көмектен кейін олар үйлеріне қайтарылды.
Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияровтың мәліметінше, ҚР ҚК-інің 345-бабы 4-бөлімінде көзделген «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар тағайындалды», - дейді Бақытжан Құдияров.