16:08, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Қарағандыда Француз альянсының филиалы ашылды
ҚАРАҒАНДЫ. Ақпанның 27-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағандыда «Француз альянсы» қоғамдық бірлестігі филиалының ресми ашылуы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның салтанатты ашылуына Францияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Ален Куанон, Франция елшілігінің мәдени мәселелер жөніндегі кеңесшісі Бернар Пакто қатысты. «Француз альянсы» қоғамдық бірлестігі Францияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қолдауы және 1883 жылы негізі қаланған Париж қалалық Альянсының қамқорлығымен құрылған мәдени-ағарту орталығы болып саналады. Ұйымдастырушылардың мәліметтеріне қарағанда, әлемде осы секілді 1 мыңнан астам ұйымдар бар көрінеді. Қазақстанда бүгінгі күнге дейін, Алматы мен Астанада ғана екі филиал жұмыс істеп келген болса, енді ол Қарағандыда да ашылды. «Бұл ұйымның мақсаты ? француз тілін тарату, француз мәдениетін дамытушылардың басын біріктіру, сөйтіп, екі ел арасындағы өзара түсіністікті тереңдету», - деп атап өтті Қарағанды филиалының өкілдері. Жан-жақты жұмыстар жүргізу жоспарлануда: арнайы сертификаттар алу үшін француз тілін оқытуға дайындық курстарын ұйымдастырудан бастап, француз-қазақ мәдени шараларын өткізуге дейінгі шараларды өткізу жоспарға енгізілген.