11:38, 26 Маусым 2016 | GMT +5
Қарағандыда іздеуде болған сотталушы ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда іздеуде болған жазасын өтеуші ұсталды. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен хабарлады.

«27 жастағы жазасын өтеуші көлікті заңсыз иеленгені үшін алты жыл мерзімге АК-159/20 мекемесінде болған. Еркін жүріп-тұру құқығын пайдаланған ол жұмыс орнынан қашып кетіп, белгісіз бағытта бой тасалаған», - деді өңірдің ҚАЖ департаментінің өкілі Есімжан Байтасов.
«Жедел іздеу шаралары белсенді әрі тәулік бойы жүргізілді. 16 тәуліктен кейін ҚАЖ және ІІД қызметкерлерінің жіті әрекетінің арқасында қашқын қолға түсті. Оны тәртіп сақшылары уәде етілген ақша үшін келген танысының пәтерінен ұстады», - деп қосты Е. Байтасов.