Қарағандыда қоғамдық көліктегі жол ақысы 4 қаңтардан бастап қымбаттайды

«Әкімдіктің тарифтерді белгілеу туралы қаулысы мемлекеттік тіркеуден өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Ол ағымдағы жылдың 30 желтоқсанынан бастап заңды күшіне енеді. Сонымен қатар, бізге 20 желтоқсан күні Жаңа жылды мерекелеуге байланысты жаңа тарифті 4 қаңтардан бастап енгізу туралы тасымалдаушылардың ұжымдық үндеуі келіп түсті», - деді Қ. Бегімов бүгін баспасөз мәслихатында.
Ол бекітілген меморандумға сәйкес, 50 теңгелік жеңілдігі бар тариф жасы бойынша зейнеткерлерге, I және II топ мүгедектеріне, жеңілдіктері және кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген тұлғаларға, сондай-ақ, кезеңдік саяжай маршруттарының жолаушылары үшін қарастырылғанын еске салып кетті.
Баспасөз мәслихатында мәлімденгендей, жеңілдік иелеріне тасымалдаушылар атаулы жол жүру билеттерін басып шығармақ, оны Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады.
Бұрын хабарланғандай, Қарағандыда қоғамдық көлікте жол жүру тарифін 50 теңгеден 80 теңгеге дейін қымбаттату туралы шешім қабылданған болатын.