Қарағандыда «Мәңгілік ел» үгіт-насихат пойызын қарсы алды (ФОТО)

«Сіздерді Қарағандыда күтіп алғанымыз үшін қуаныштымыз. «Мәңгілік ел» заманауи жалпыұлттық идеясын Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырды. Қазақстандықтардың жалпыұлттық идеясының құндылығы «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына үндес. Онда білім беру, азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқаты басты басымдық ретінде айқындалған», - деді пойызды қарсы алу митингісінде Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіров.
Ол ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қазақстандықтардың ұлы мерекесі екенін атап өтті.
«Мерейтойлық жыл жаңа тыныспен басталды, алға табыс пен жеңіске бастаған ауқымды жоспарлар, істер, шаралар қойды», - деп қосты қала басшысы.
«Мәңгілік ел» пойызының басшысы, ҚХА Кеңесінің мүшесі Әмілжан Әлпейісов: «Қарағанды - өнеркәсіптік қала ғана емес, бұл - Қазақстанның орталық бөлігі, ұлан-ғайыр Сарыарқа. Қарағанды торапты станса ғана емес, ол өмір, даму торабы. Нақ осы жерде Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаев өзінің еңбек жолын, саяси мансабын бастады», - деп атап өтті ол.
Қарағандыда пойыз қатысушылары халықпен кездеседі. Достық үйінде этномәдени бірлестіктер басшыларымен дөңгелек үстел өтеді. Кешке С. Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасында мерекелік концерт өтеді.
Қарағандыдан бір уақытта «Мәңгілік ел» пойызымен «Саламатты Қазақстан» консультативтік-диагностикалық медициналық пойыз жолға шығады. Медқызметкерлер облыстың 19 шағын стансаларын аралайды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 15 ақпанда Астанадан «Мәңгілік ел» пойызы жолға шықты. Ол ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жалпыреспубликалық акция аясында шықты. Құрам ішінде түрлі ведомство мамандары бар, олар қазақстандықтарға бес институционалдық реформаларды іске асыру барысын түсіндіреді. Пойыз Қазақстанның 33 елді мекенінен барады деп жоспарлануда.