Қарағандыда облыстық Жылжымайтын мүлік орталығы директорының бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды

«Қазыбек би аудандық сотының 2013 жылғы 8 қарашадағы үкімімен Ә. Ибраева ҚР ҚК 311-бабы 1-бөлімі «г»-тармағында (Бірнеше рет пара алу) қарастырылған қылмыс бойынша айыпты деп танылды. Аталған бап бойынша сот оған өзіне тиесілі мүлкін тәркілеумен, 3 жыл мемлекеттік қызметтерді атқару құқығынан айыра отырып, жалпы тәртіптегі түзету колониясында 7 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды», - деді Ә. Жошева.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, облыстық Жылжымайтын мүлік орталығы директорының орынбасары азаматтардан техникалық құжаттарды жедел ресімдеу үшін бірнеше рет пара алған. Оған бес оқиға бойынша айып тағылды.
«Барлығы үш факті бойынша пара сомасы 40 мың теңгені құрады. Екі оқиға және пара алуға ниеттенгені бойынша Ибраева ақталды», - деп түсіндірді аудандық соттың баспасөз хатшысы.
Ол жазаны тағайындау кезінде сот қылмыстың ауырлығын ескергенін баса айтты.
«Үкім заңды күшіне енген жоқ, оны бұздыртуға шағым түсірілуі немесе апелляциялық инстанцияда наразылық білдірілуі мүмкін», - деп жалғастырды Ә. Жошева.