Қарағандыда онлайн сауда жасауды жеңілдететін логистикалық хаб құрылмақ

«Қарағандыда «Қазпошта» АҚ-мен бірлесе қолға алып жатқан бір жоба туралы атап өткім келеді. Бұл - Қарағанды қаласының халықаралық әуежайы базасында логистикалық хаб құру жобасы. Тарқата айтқанда, интернет арқылы жүзеге асырылатын онлайн саудаға баса назар аударғымыз келеді. Қазіргі таңда онлайн тапсырыстардың ағымы біздің өңірмен бірге Ресейге, Орталық Азияға Еуропаға жеткізіледі. Мәселен, егер сіз Қарағандыдан немесе Астанадан «Али баба» желісі арқылы Қытайдан қандай да бір тауарға тапсырыс берсеңіз, ол тауар Қазақстанды кесіп өтіп, Еуропаның бір елінде ресімделіп, қайта біздің елімізге жөнелтіледі. Демек, тарифтер жоғарлайды. Сондықтан, біз онлайн сауданың жүктері біздің елімізде өңделуі үшін халықаралық код алуға күш салып жатырмыз», - дейді Алмас Айдаров.
Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, Қазақстанның тура ортасында орналасқандықтан, Қарағанды облысының онлайн сауда жағынан әлеуеті зор. Өзге өңірлердің сайттарымен салыстырғанда, қарағандылық мамандар IT инфрақұрылымын өте қолжетімді етіп дайындаған.
«Бүгінгі таңда Қарағанды қаласындағы халықаралық әуежай бұл бағыттағы жұмыстарды дамыту үстінде. Біз бір тәулік ішінде тауарды өңдеп, жөнелтуге шамамыз келеді», - дейді әкімнің орынбасары.