Қарағандыда опырылып құлаған көпқабатты үйді үйінділерден аршу жұмыстары жалғасуда

Бұл туралы Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның берген ақпаратына қарағанда, төтенше жағдайды жоюға 60-тан астам адам, 14 техника жұмылдырылған. Оған қоса, ТЖ қоршауға алынған жерде 70-тен астам полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті күзетуде.
Естеріңізге сала кетейік, 5 сәуір күні сағат 10.55-те Қарағандының «Бесоба» шағынауданында үлескерлік қатысумен үш жыл бұрын салынған бес қабатты тұрғын үйдің 4 кіреберісі бар блогы опырылып құлады. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Аталмыш тұрғын үйде 1 сәуір күні салмақ түсетін негізгі құрылыс конструкциялары бұзылған болатын.
Апатты үйден 138 адам көшірілген. Қарағанды әкімдігінің 3 сәуірдегі өкімімен үйге ТЖ режімі енгізілді.
Қарағандыда «Бесоба» шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің бір бөлігінің опырылып құлау фактісі бойынша мамандандырылған прокурор ҚР ҚК-нің 307 бабы (Қызметтік өкілеттігіне қиянат ету) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Үйдің құрылысымен айналысқан «Сервиспромснаб» ЖШС-нің директоры Андрей Маляновқа қатысты қаржы полициясы үлескерлерді алдау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу үстінде. Алданған үлескерлердің ақшасын жымқырып, бой тасалап жүрген компания басшысына іздеу жарияланды.