Қарағандыда опырылып құлаған көпқабатты үйдің салдарын тексеріп жатқан комиссия бірінші отырысын өткізді

Бұл туралы Қарағанды облысы ТЖД-нің баспасөз қызметінен хабарланды.
Баспасөз қызметінің берген ақпаратына сәйкес, отырыста ұйымдастыру мәселелері шешілді. Техникалық және экономикалық сарапшылар комиссиясын құру жайында шешім қабылданды.
«Облыстық ТЖД-мен құрылған ТЖ себептерін тексеру бойынша комиссияның құрамына мүдделі барлық мемлекеттік органдар кірді», - деп атап өтілді ведомствоның баспасөз қызметінен.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін таңертең үйінділерді қопару жұмыстары басталды. Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 17 құрылым, 207 адам мен 50 техника жұмылдырылды. Қираудан аман қалған жарты үйдің 4-інші кіреберісінің 40 тұрғыны уақытша басқа жерге көшірілді.
Естеріңізге сала кетейік, 5 сәуір күні сағат 10.55-те Қарағандының «Бесоба» шағынауданында үлескерлік қатысумен үш жыл бұрын салынған бес қабатты тұрғын үйдің 4 кіреберісі бар блогы опырылып құлады. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Аталмыш тұрғын үйде 1 сәуір күні салмақ түсетін негізгі құрылыс конструкциялары бұзылған болатын.
Апатты үйден 138 адам көшірілген болатын. Қарағанды әкімдігінің 3 сәуірдегі өкімімен үйге ТЖ режимі енгізілді.
Қарағандыда «Бесоба» шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің бір бөлігінің опырылып құлау фактісі бойынша мамандандырылған прокурор ҚР ҚК-нің 307 бабы (Қызметтік өкілеттігіне қиянат ету) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Үйдің құрылысымен айналысқан «Сервиспромснаб» ЖШС-нің директоры Андрей Маляновқа қатысты қаржы полициясы үлескерлерді алдау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу үстінде. Алданған үлескерлердің ақшасын жымқырып, бой тасалап жүрген компания басшысына іздеу жарияланды.