Қарағандыда полицейлер өз елінде адам саудасымен айналысқан Өзбекстан азаматын ұстады

Бұл туралы Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
Полицияның ақпараты бойынша, қылмыскерді кеше кешқұрым, облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қарағандыдағы жалдамалы пәтерде құрықтады.
«Ұсталған 35 жастағы ер адам 2008 жылдан бері ӨР ҚК-нің 135-бабы (адам саудасы) бойынша Өзбекстан Республикасы Наманган облыстық ІІБ-мен мемлекетаралық іздеуде болды. Бұлтартпау шарасы - қамауға алу. Мәлім болғандай, аталмыш азамат Өзбекстаннан Қазақстанның Жамбыл облысына гастарбайтерлерді жеткізумен айналысқан. Әр адам үшін 300 АҚШ долларын алған», -делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ұсталушының сөзіне қарағанда, ол осы уақыт бойы Қазақстанның аумағында бой тасалаған, алдымен Жамбыл, кейін Қарағанды облысында.
«Қылмыскер уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Іздеу жариялаған елге хабар берілді», - деп қосты ІІД-нің баспасөз қызметінен.