Қарағандыда С.Ахметов пен бұрынғы лауазымды шенеуніктерге қатысты қылмыстық іс үрдісі жүргізілетін сот залы белгілі болды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда сыбайлас жемқорлықтары үшін айыпталған С.Ахметов пен басқа да бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктердің қылмыстық ісі бойынша үрдіс өткізілетін орын айқындалды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

«Қазіргі уақытта сот өтетін орын алдын ала айқындалды, ол Қарағанды қаласы Бұқар жырау даңғылы, 37 мекенжайында орналасқан алқа билері соты залы», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұл іс бойынша 21 адам айыпталып отыр. Әр айыпталушыда бірнеше адвокаттан бар. Мысалы, С.Ахметовте 5 қорғаушы бар. Процеске қатысушылар, БАҚ өкілдері, басқа да бақылаушылар сиятындай үлкен зал қарастырылды. «Сот тарапынан заңнамалық нормалар мен процессуалдық талаптарды есепке алып, белгіленген мерзімде істі қарау үшін барлық ұйымдастырушылық, техникалық жағдайлар жасалды», - деп атап өтілген хабарламада. Бұдан бұрын хабарланғандай, С.Ахметовке және басқа да шенеуніктерге қатысты қылмыстық іс Қарағанды облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотқа 2015 жылғы 13 шілдеде түсті. 14 шілдеде ол әр сотталушыға статистикалық карточка қоя отырып, тіркелген. Қылмыстық іс автоматты түрде судья Исламхан Есенбаевқа берілді. «Аталмыш қылмыстық іс төрағалық ететін судьяның зерделеуінде жатыр. Процессуалдық мерзім (5 күн) аяқталғаннан кейін сот өндірісіне қылмыстық істі қабылдау туралы мәселе шешіледі», - деп қосты облыстық сот баспасөз қызметінен. Бұған дейін Қарағанды облыстық прокуратурасы хабарлағандай, бақылау органы бұрынғы премьер-министр С.Н.Ахметовке, облыстың экс-әкімі Б.Т.Әбдішевке, Қарағанды қаласының экс-әкімі М.А.Смағұловқа және басқа да облыс әкімшілігінің лауазымды қызметкерлері мен бизнесмендерге қатысты қылмыстық іс материалдарын зерделеуді аяқтады. Сыбайлас жемқорлық ісі бойынша барлығы 21 адам тергелуде. Оларға қызмет бабын асыра пайдаланды, бюджет қаражатын ұрлады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты деген айыптар тағылған. Сондай-ақ С.Ахметов аса ірі көлемде пара алғандығы үшін де айыпталып отыр. Қылмыстық іс материалдары 300-ден астам томнан тұрады. «2015 жылғы 13 шілдеде жоғарыда аталған адамдарға қатысты қылмыстық іс мәні бойынша қаралуы үшін Қарағанды облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Айыпталушылар сотқа берілді», делінген хабарламада. Тергеу нұсқасы бойынша, С.Ахметов 1 млрд. теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырып, 2,4 млн. АҚШ доллары көлемінде пара алған. Еске сала кетейік, С.Ахметов сегіз айдан бері үй қамақта. Тергеу оқшаулағышында сотты тағы бес адам күтуде. Олардың ішінде облыстың бұрынғы әкімі Б.Әбдішев, Қарағандының бұрынғы әкімі М.Смағұлов бар. Қалған қатысушыларға қатысты қоғамнан оқшаулаудан тыс бұлтартпау шаралары қабылданды.

Соңғы жаңалықтар