Қарағандыда сауда орталығынан 600 адам эвакуацияланды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда қала орталығындағы «ЦУМ» сауда орталығынан жарылғыш зат ізделді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«ЦУМ» ғимаратында жарылғыш заты қойылды» деген хабар ЖБО 102 нөміріне сағат 16.34-те келіп түскен. Оқиға орнына жедел қызмет жөнелтілді. Сауда үйінен шамамен 600 адам - сатушы, техникалық қызметкер және келушілер эвакуацияланды. Облыстық ІІД оқу-жаттығу взводының қызметкерлері ғимаратты тінтіп шықты. Жарылғыш зат табылмады. Сағат 17.44-те операция аяқталды», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Полицейлердің хабарлауныша, ер адам қоңырау шалған. Қазір кім хабарласқаны анықталуда.
«Материал сотқа дейінгі тергеу амалдарының біріңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 273-бабы бойынша тіркелді. Бұл бап бойынша 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған», - деп қосты Б. Құдияров.
Қарағанды ЦУМ-ына «бомба» қойылды деп осыған дейін де хабарланған. Осындай оқиға 7 маусымда орын алды. Ол кезде сауда үйінен 500 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Ұсталған 26 жастағы күдікті қоңырау шалғанын мойындаған.