Қарағандыда үлескерлердің қатысуымен салынған барлық үйлер тексерілетін болады

ҚАРАҒАНДЫ. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов облыс орталығында үлескерлердің қатысуымен салынған үйлердің барлығын тексеруді тапсырды.
None
None

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңір басшысы Қарағандыда «Бесоба» шағынауданында үйдің опырылып құлауына байланысты шұғыл мәжіліс өткізді. Мәжіліс жабық түрде өтті.

 «Мәжілістің қорытындысы бойынша Ә. Құсайынов қажетті органдарға опырылып құлаған үйдің құрылысына қатысы бар және оны пайдалануға берген адамдарды анықтап, жауапкершілікке, қылмыстық жауапкершікке дейін тартуға тапсырды. Оған қоса Қарағанды қаласының әкіміне және  басқа да мемлекеттік органдарға атқарылған жұмыстың сапасын және үйде тұру қауіпсіздігін анықтауға қатысты  облыс орталығында үлескерлікпен салынған үйлерді тексеру тапсырмасы берілді», - делінген қала әкімі баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.

 Үйдің опырылып құлауына байланысты баспанасынан айырылған адамдарға шығынды өтеу механизмі «ҚР Заңнамасына сәйкес» жасалуы тиіс, делінген хабарламада.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ә. Құсайынов өткен сенбіде ТЖ орын алған жерде көшпелі отырыс өткізді. Ол да жабық түрде өтті.

 «Өңір басшысы өткен мәжілісте берілген тапсырмалардың атқарылуы туралы қала әкімінің, басқа ұйым жетекшілерінің есебін тыңдады. Мәжілістің қорытындысы бойынша Ә. Құсайынов Қарағанды қаласының әкіміне және тиісті ұйымдарға орын алған төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды», -делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 5 сәуір күні сағат 10.55-те Қарағандының «Бесоба» шағынауданында үлескерлердің қатысумен үш жыл бұрын салынған бес қабатты тұрғын үйдің 4 кіреберісі бар блогы опырылып құлады. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Аталмыш тұрғын үйде 1 сәуір күні салмақ түсетін негізгі құрылыс конструкциялары бұзылған болатын.

Апатты үйден 138 адам көшірілді. Қарағанды әкімдігінің 3 сәуірдегі өкімімен үйге ТЖ режімі енгізілді.

Қарағандыда «Бесоба» шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің бір бөлігінің опырылып құлау фактісіне байланысты мамандандырылған прокурор ҚР ҚК-нің 307 бабы (Қызметтік өкілеттігіне қиянат ету) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Үйдің құрылысымен айналысқан «Сервиспромснаб» ЖШС-нің директоры Андрей Маляновқа қатысты қаржы полициясы үлескерлерді алдау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу үстінде. Алданған үлескерлердің ақшасын жымқырып, бой тасалап жүрген компания басшысына іздеу жарияланды.

Соңғы жаңалықтар