18:12, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Қарағандыда ұйымдасқан қылмыс серкесі қолға түсті
ҚАРАҒАНДЫ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облыстық ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында ұйымдасқан қылмыс серкесін қолға түсірді.
Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында облыс ІІД бастығының орынбасары Мергенбай Жаппаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Полицейлер 1973 жылы туған, С. басқарған автомобильді тоқтатып, салоннан қолдан жасалған тапаншаны, 14,88 грамм героин есірткісін тапты. М.Жаппаровтың айтуынша, ұсталған адам бұдан бұрын бұзақылығы, сондай-ақ қарулар мен қару-жарақтарды заңсыз сатып алғаны, сатқаны үшін бірнеше рет сотталған.Ұсталған адам тапанша мен есірткіні өз үйінің ауласынан тапқанын, ал героинды өзі пайдаланатындығын айтқан. Ол уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.