Қарағандыда зейнеткерлер үшін жеңілдетілген жолақы сақталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда барлық зейнеткерлер үшін автобуста жеңілдетілген жол жүру ақысы сақталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина Любарская бүгін жолаушы тасымалдаушылармен келіссөздер жасалғанын растады. Енді зейнеткерлер қоғамдық көліктерде бұрынғы жеңілдікпен жүре алады.

«Облыс әкімі бүгін аппараттық жиналыста тапсырма берді. Зейнеткерлердің жеңілдікпен жол жүру мәселесі оң шешімін тапты. Тапсырма орындалды. Зейнеткерлердің жеңілдігі бұрынғыша қалады. Меморандумның мерзімі ұзартылды, жолаушылар тасымалдаушымен арадағы уағдаластық мерзімі 2017 жылдың 1 қарашасына дейін ұзартылды», - деді И. Любарская.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды қаласының билік өкілдері мен жолаушы тасымалдаушылар арасында меморандумға қол қойылған болатын. Оған сәйкес зейнеткерлер жалпыға ортақ тариф 80 теңгенің орнына 50 теңге төлеп, жеңілдікпен жүріп-тұруларына болатын. 22-ші мамырда келісім мерзімі аяқталуына байланысты, ол жеңілдік шектетілуі тиіс болатын. Осылайша зейнеткерлер 80 теңге төлеуге мәжбүр болар еді. 

Алайда бүгін облыс әкімі Ерлан Қошанов зейнеткерлерге жеңілдікті алып тастау мәселесіне жол бермеу керектігін жеткізді. Және де Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровке бүгінгі күннің соңына дейін ол күрмеулі мәселені шешуді тапсырды. Аймақ басшысының қатысуымен ірі автопарктермен келіссөздер жүргізілді. 

Бүгінгі таңда Қарағандыда 78 мыңнан астам зейнеткер бар. Қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығы әлеуметтік қамсыздандырылған зейнеткерлерге берілген. Ондай қариялар қаламызда 26 мыңнан асады. Қалған зейнеткерлер, яғни 43 мың адам қоғамдық көліктерде жеңілдікпен 50 теңге төлеп жүруге мүмкіндігі бар.

Соңғы жаңалықтар