Қарағандыда жекеменшік балабақшада екі жасар баланың табаны күйіп қалған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Балабақшада термиялық күйік алған бала туралы ақпарат бірнеше күн бұрын желіде жарияланған. Қарағанды облысының полиция департаменті осы оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап.
None
Фото: ekaraganda.kz

«Біздің отбасымызда қиын жағдай. Екі жасар ұлымыз баратын Октябрьская көшесі, 125 мекен-жайында орналасқан «Kiddy land» жеке балабақшасы қызметкерлерінің айтуынша, олар ұлымызды жуындырмақ болады. Сол кезде қараусыз қалған бала 2-3 дәрежелі термиялық күйік алып, денесінің 4 пайызы зақымданған. Ұлым әлі оңалту сатысында. Біз кінәлілер жазасын алуы үшін әділеттілікке қол жеткізуге тырысамыз. Сондай-ақ, ата-аналарға ескерту жасағымыз келеді. Бейтаныс адамдарға балаңызды сеніп тапсырмас бұрын өте мұқият болыңыз», - деп жазады қала тұрғыны әлеуметтік желіде.

Сондай-ақ, фотосуреттер мен видеоларды қоса жариялайды.

«Мектепке дейінгі мекемеде екі жасар баланың күйіп қалу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 1-бөлігі (Жұмыстарды орындау не тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ал, облыстық білім басқармасы аталған балабақша ведомство балансында еместігін мәлімдеген.


Соңғы жаңалықтар