Қарағандыда ЖЭО-3-те жылыту маусымы басталғалы қазандықтар 30 рет апатты жағдайда тоқтап, турбиналар 4 рет істен шықты

ҚАРАҒАНДЫ. 19 ақпан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев «ҚарағандыЭнергоҚұрылыс» ЖШС-нің 3-Жылу электр орталығында (ЖЭО-3) болды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
None
None

Аймақ басшысы № 8 қазандық агрегатының құрылыс барысымен және компанияның кәсіпорынды 2015 жылға дейінгі дамыту бойынша инвестициялық бағдарламасымен танысты.

«Одан кейін облыс әкімі Қарағанды активінің кеңесін өткізді, онда қаланың 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2013 жылғы міндеттер, сондай-ақ жылыту маусымының өту барысы талқыланды. Кеңесте жылыту маусымы басталғалы бері қарағандылық ЖЭО-3-те жөндеу жұмыстарының сапасыз өткізілуі салдарынан қазандықтар 30 рет апаттық жағдайда тоқтап, турбиналар 4 рет істен шыққандығы атап өтілді», - делінеді хабарламада.

Билік өкілдерінің ақпаратынша, стансы 41 күн бойы қазандықтардың резервісіз жұмыс істеді, жылу тасығыштың температурасы 29 тәулік бойы кестеге сәйкес келмеді, судың толық жылытылмауы орташа алғанда 10 градусты құрады.

«21 желтоқсан күні металдың температуралық қысымының салдарынан қазандық цехында № 6 қазандықтың үстіндегі шатырдың бір бөлігі опырылып құлады, бұл оның тоқтауына әкеліп соқты. Шатырды жөндеу жұмыстары он күнде аяқталды, және 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазандық қайта іске қосылды», - деп еске салды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Онымен қоса, бұған дейін хабарланғандай, 2013 жылдың 12 ақпанында ЖЭО-3-те ашық тұрған үйлестіру жабдығында ажыратқыштардың қатып қалуы салдарынан стансының жұмысы толық тоқтады.

Энергия көздерінің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұлов пен «ҚарағандыЭнергоОрталық» ЖШС-нің бас директоры Нәби Айтжанов баяндады.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді, соның ішінде қалалық ЖЭО-ларда технологиялық жабдықтардың тоқтауына жол бермеу және оларды отынның нормативті қорымен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер бар. Қарағанды әкіміне қардың шығарылуына үнемі бақылау жасап, тасқынға қарсы қажетті шараларды ұйымдастыру жүктелді.

Соңғы жаңалықтар