Қарағандыдағы «Бесоба» шағынауданында қалып отырған тұрғындар пәтерлерінен сот арқылы шығарылады

«Бесобадағы» өз пәтерлерінен кеткісі келмейтін адамдар бар. Қалалық әкімдік оларды күштеп шығару жөнінде сотқа өтініш білдірді», - деді Ж. Ысқақов.
«Бесобаның» тұрғындарына уақытша баспаналар берілді, пәтерлерді босату қажеттігі туралы адамдар ресми түрде ескертілді, деді ол. Уақыт бастапқыда 20 қыркүйекке дейін берілді, кейін 25-іне дейін созылған болатын.
Қазіргі уақытта кешеннің 3 үйін бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде, оларды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. «Бесоба» тұрғын үй кешеніне жарық, жылу мен судың берілуі тоқтатылды», - деді Ж. Ысқақов.
Естеріңізге сала кетейік, 6 сәуірде Қарағандыдағы «Бесоба» ТК-дегі 5 қабатты үйдің 4 кіреберістік блок-секциясы опырылып түсті. Бұл үй үш жыл бұрын үлескерлердің қатысуымен салынған еді. Бұған дейін, аталмыш тұрғын үйде 1 сәуір күні салмақ түсетін негізгі құрылыс конструкциялары бұзылған болатын. Апатты үйден 138 адам көшірілді. Қарағанды әкімдігінің 3 сәуірдегі өкімімен үйге ТЖ режимі енгізілді.
ТЖ салдарынан болған шығын 545,3 млн. теңгеге бағаланды. Соның ішінде жойылған пәтерлердің бағасы - 328,8 млн. теңге болды.
Үйдің опырылып құлауы фактісімен құрылысшыларға, жобалаушыларға, мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүргізген қызметтік тұлғаларға қатысты төрт қылмыстық іс қозғалды. Сот санкциясымен Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасарлары Виктор Иванов пен Сергей Гребенщиков, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау облыстық басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьев қамауға алынды.
Қазіргі кезде зардап шеккен үлескерлерге қала билігі жаңа үйлер берді. Осы екі арада «Бесобадағы» басқа барлық тұрғын үйлер апатты деп танылды. Бүкіл кешенді бұзып, оның орнында жаңа көпқабатты үйлерді салу шешімі қабылданды.
Бұл үйдің құрылысымен айналысқан «Сервиспромснаб» ЖШС-нің директоры Андрей Маляновқа қатысты қаржы полициясы үлескерлерді алдау фактісімен қылмыстық істі тергеуде. Алданған клиенттердің ақшаларын өзімен бірге алып кеткен компанияның басшысына іздеу жарияланды.