Қарағандыдағы кісі өлімі: ІІМ Гурурянға өз еркімен берілуге кеңес береді
«Бүгінгі күні Қарағандыда бұзақылық әрекет жасап, 23 жастағы жігітті өлтірді деген күдікпен 8 адам ұсталып тұтқындалды және күдіктілердің бірі Гурурянға іздеу жарияланды. Тергеу аясында полиция тобы оның болуы мүмкін жеріне кетті. Күдіктінің берілуге дайын екендігі туралы мәлімдемесі желіге жариялануына байланысты осыдан 2 күн бұрын оның туыстарына қызметкерлеріміздің байланыс деректері берілген болатын. Алайда осы күнге дейін ешкім байланысқа шыққан жоқ», - деді Алмас Садубаев.
Департамент басшысы еліміздің Ішкі істер министрлігі істің объективті әрі жан-жақты тергелетіндігіне кепіл беретіндігін атап өтеді. Сонымен қатар азамат Гурурянға өз еркімен полиция қызметкеріне берілуге кеңес береді.
«Тергеу барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің айрықша бақылауына алынған», - деді ол.
Еске салсақ, 1 қаңтар күні Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында болған жанжал кезінде бір жігіт көз жұмған болатын. Билік аталған процестің обьективті және барынша ашық өтетініне уәде берді.