Қарағандыдағы көмір шахтасында зардап шеккендердің арасында екі адам жансақтау бөлімінде жатыр

«Мақажанов атындағы клиникаға 8 шахтер жеткізілді. Олардың екеуі жансақтау бөлімінде жатыр, есін біледі, алайда, жағдайлары ауыр десе болады. 6 адам токсикология бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы орташа ауыр»,-деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Айта кетейік, бүгін, 17 тамыз күні сағат 10:05-те «Қазақстан» шахтасында Д6 көмір еңісін игеру барысында конвейерлік таспа өртенді. Апатты жою жоспары енгізілді.
Шахтада 227 адам болған, олардың 182-сі эвакуацияланып, 45 адам шахтада қалып қойды.
Кейінірек 222 адамның эвакуацияланғаны хабарланды. Қауіпсіз жерге шығарылған 13 адам бас ауруы мен жөтелге шағынданған. Ал 5 адамның тағдыры белгісіз еді.
Кейінірек хабарсыз кеткен екі кеншінің табылғаны хабарланды.
Кейінірек шахтада жапа шеккендердің саны 8 адамға жеткені хабарланды.
Қарағанды облысындағы шахтадағы өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды.