Қарағандылық әйел полицейлер оқ атуда әріптес ерлерден кем түспейді
ҚАРАҒАНДЫ. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы облыстық филиалының базасында оқ атудан Қарағанды облысы ІІД біріншілігі өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
«Полицейлер арасында мұндай жарыстар жыл сайын өткізіледі. Биыл оған аумақтық ішкі істер бөлімдері, облысты ІІД қызметтері мен бөлімшелерінен 29 команда қатысты. Полицейлер Макаров пистолеті мен Калашников автоматынан ату шеберлігі бойынша сынға түсті»,- деп жазылған хабарламада.
Әрбір команданың құрамында екі ер және бір әйел адамнан бар. «Әйел полицейлер нысанаға дәлдеп ату мен қаруды жинап-бөлшектеп тастауда ер адамдарға жол бермейді», -деп атап өтті Қарағанды облысы ІІД басшысының орынбасары полиция полковнигі Ардақ ынтықбаев.
Жекелей сында бірінші орынды Қарағанды қаласы ІІБ жедел басқару орталығы кезекші бөлімінің аға инспекторы Юлия Шведкова алды. Макаров пистолетінен жылдам атуда Ново-Майқұдық полиция бөлімінің тергеушісі Лаура Абыжанова көш бастады, ал жылжымайтын нысанаға атуда ол екінші орынды иеленді. Жеңіске жеткендердің арасында түрлі қалалардан келген әйел полицейлер де бар.
Жарыстың қорытындысы бойынша, командалық есепте бірінші орын Қарағанды облысы ІІД-нің құрамасына бұйырды, екінші орынды Қарағанды ІІБ еншіледі, ал Теміртау қаласының ІІБ-нің қызметкерлері қола жүлде иегерелері атанды.