Қарағандылық балалардан ішек инфекциясы табылмады, неден уланғаны әлі белгісіз

«Дәрігерлер балалардың жағдайын тексеру барысында тағы 2 бала іші ауырғанын айтты. Олар ауруханаға жеткізілді, мамандардың бақылауында. Балалар улануының ауырлығы интоксикация және тыныс алудың жеткіліксіздігімен байланысты. Осы орайда зардап шеккен кейбір балалардың жағдайы өте ауыр болып тұр. Дәрігерлер ауру салдарымен күресіп жатыр», - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің мәлімдеуінше, қазір бүкіл қажет талдаулар алынып жатыр.
«Алдын ала болжам бойынша, тағам токсикоинфекциясы диагнозы күмән тудырады. Осыған дейінгі бақылау барысы көрсеткендей ішек инфекциясына ұқсамайды. Ол бойынша алдын ала анализ нәтижесі теріс. Қазір анализдер нақтыланып жатыр», - дейді ведомство басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қарағандыда балалар уланған орталықтың басшысы мен 12 қызметкер жұмыстан шеттетілді.