Қарағандылық «Болашақ» түлегі Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысында сөз сөйлейді (ФОТО)
«2014 жылғы желтоқсанда БҰҰ-ның 70 жылдығына арналған «Көп тіл - бір әлем-2015» эссе байқауы өтті. Оған 130 елдің 3500-ден астам студенті қатысты. Нәтижесінде 70 үздік жұмыс іріктелді. Байқау жеңімпаздары БҰҰ штаб-пәтерін Дүниежүзілік жастар форумына шақырту алды», - деді О.Сүлейменов.
Тонгжи (Шанхай қ.) университетінде білім алған «болашақшы» қытай тілінде эссе жазды, оны ол Қазақстандағы халықтар достығына арнады. «Әр қазақстандық әлем адамы болып табылады деп жаздым. Бұл солай. Елімізде көптеген ұлт өкілдері тұрады. Баршамыз бейбіт, татулықта, келісіммен өмір сүріп жатырмыз. Қазақстанның басты артықшылығы да осында», - деп атап өтті Шет ауданы Ақсу-Аюлы кентінің мектеп-гимназиясының түлегі О.Сүлейменов. Дүниежүзілік жастар форумы көптілділік, мәдени әралуандық, жаһандық азаматтық контекстінде орнықты даму мәселелеріне арналған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздар Адельфи университетіндегі конференцияға қатысады. Сосын 25 шілдеде БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысында сөз сөйлейді. «Мен климаттық проблемаларды көтеремін. Қазақ тілінде бастаймын, бірақ баяндамам қытай тілінде. Баршасын Астанаға ЭКСПО 2017-ге шақырамын. 5 минут қана сөйлеуге рұсқат берілген. Ойымды айтып жеткізуге тырысамын», - деді ол. «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарымен қала әкімінің кездесуінде жұмысқа орналастыру мәселесі сөз болды. «Мемлекет Жолдауында алға қойған жаһандық міндеттерді іске асыру үшін алған білікті білімдерің экономиканың басым салаларына аса қажет деп санаймын», - деді әкім. Өңір басшысы О.Сүлейменовке БҰҰ-ға тапсыру үшін естелік сыйлық табыстады. «Болашақ» бағдарламасы басталған 22 жылда 33 елдегі 200 ЖОО-да 11 мыңнан астам қазақстандық білім алды, оның 136-сы - Қарағанды облысынан.