Қарағандылық киберполицейлер кәмелет жасқа толмаған алаяқты ұстады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық «Киберпол» қызметкерлері 30-дан астам алаяқтық фактісіне қатысы бар күдіктілерді ұстау операциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қарағандылық киберполицейлер кәмелет жасқа толмаған алаяқты ұстады
Фото: polisia.kz

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі – 15 млн теңге.

«Жәбірленушілер Қарағанды облысында ғана емес, басқа өңірлерде де бар екені анықталды. Күдіктілерді ұстау операциясына полиция қызметкерлерімен қоса, балаларды қорғау ұйымынан да өкілдер қатысты. Өйткені күдіктілердің бірі кәмелет жасқа толмаған. Оларды ұстау операциясы Алматы және Талдықорған қалаларында жүргізілді.

17 жастағы жасөспірім мен оның серіктесі – Алматы қаласының 54 жастағы тұрғыны әлеуметтік желі арқылы арзан бағаға телефон сатамыз деп хабарлама жариялаған.

Оларды ұстау барысында күдіктілерден Apple 256Gb маркалы Макбук, тапсырыс берушілер жазылған қойын кітапша, Beeline, Activ, Tele2 операторларының бес SIM-картасы, 5 миллион 453 мың теңге ақша, Instagram әлеуметтік желісіне байланыстырылған IPhone 14 телефоны тәркіленіп, алынды», - делінген хабарламада.

Мәлім етілгендей, қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тиісті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.