Қарағандылық мұраға қалған қаруды тапсырғаны үшін 167 мың теңге сыйақы алады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарқаралы ауданының тұрғыны атасынан мұра болып қалған қаруды өз еркімен тапсырса 167 мың теңгеге жуық қаражатты қалтасына баспақ, деп хабарлады Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметінен.

Қарағандылық мұраға қалған қаруды тапсырғаны үшін 167 мың теңге сыйақы алады

Ағымдағы жылдың 21-ші сәуірінен бастап Қарағанды облысы аумағында республикалық заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру акциясы басталған. Мақсат - қаруды қолдану арқылы жасалатын қылмыстарға тосқауыл болу.

Акция басталғалы Қарағанды облысының тұрғындары 80 заңсыз сақталған атыс қаруын тапсырды, оның ішінде иір ойықты қару - 19 бірлік, тегіс ұңғылы - 60, 5,6 мм калибрлі шолақ қарудың- 1500 дана оғы алынды.

Осылайша, Қарқаралы ауданының тұрғыны қару сақтауға рұқсаты болмағаннан кейін атасынан мұра ретінде қалған 3 мылтықты тапсыруға бел буған. Осы қарулар үшін азамат 167 мың теңгеге жуық қаражат алады.

ІІД азаматтан заңсыз сақталған қаруларды тәртіп сақшылары анықтаған жағдайда ол әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, ал акция кезінде ерікті түрде тапсырылған қаруларға мемлекет тарапынан сыйақы мен әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.