Қарағандылық полицейлер аязда жолда қалған адамдарды құтқарды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 27 қаңтар күні Қарағанды облысы ішкі істер департаменті жол-патруль полициясы батальонының полицейлері Алматы-Екатеринбург күре жолында үсіп қалған адамдарға көмек көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Түнге қарай полиция старшинасы Виктор Берг пен аға лейтенант Нұржан Жұмақас кезекші бөлімнен Алматы-Екатеринбург күре жолының 961-километрінде «Лада Веста» автомобилі бұзылып, жүргізуші көмек сұрап жатқаны туралы хабар алады.
«Асығыс жол тарттық. Жолда тұрған «Лада Веста» автомобилінде отырған жүргізуші және үш жолаушыны көрдік. Қозғалтқышы істен шыққан екен. Олар машинаны өздері оталдырмақ болған, бірақ бұл ойы іске аспаған», - дейді старшина Виктор Берг.
Полицейлер тоңған жолаушыларды қызметтік автоның салонына мінгізіп, бұзылған машинаны «Аманжол» дәмханасына дейін сүйреп барған. Жолаушыларды ары қарай «Соқыр» бекетіне дейін жеткізіп салған, сол жерден олар үйлеріне тарасқан.