Қарағандылық полицейлер өзіне қол салмақ болған қызды құтқарып қалды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық полицейлер өзіне қол салмақ болған қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
14 қарашада сағат 3.30 шамасында Қарағанды қаласының ПБ патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Талғат Райханов пен инспектор Нұрболат Сейтекке Нұркен Әбдіров даңғылы бойында орналасқан химиялық тазалау нысанына белгісіз біреу кірмек болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Бірер минуттан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері жетті. Полицияны мекемеде түнгі ауысымда болған екі жұмысшы әйел шақырған.
«Сыртқы есікті біреу қағып, жылаған адамның даусы шықты. Бірақ біз есікті ашпадық, полицияға хабарласып, сіздердің келуіңізді күттік», - деп түсіндірді куәгерлер.
«Менің әріптесім сол жерде қалып, мен қолшамды жағып, іргелес аумақты аралай бастадым. Өрт сөндіруге арналған сатының астынан бір адамды байқадым. Жақындап келсем, асылып тұрған қызды көрдім – кейін белгілі болғандай, бұл матадан жасалған белбеу екен. Мен бірден әріптесімді рация арқылы шақырып, қызды босатып алдық. Осыдан кейін қызды жерге жатқызып, алғашқы медициналық көмек көрсете бастадық», – дейді Т.Райханов.
Полиция қызметкерлері алғашқы көмек көрсеткен кезде қыз тыныстай бастаған кезде, жедел жәрдем шақырған.
Дәрігерлер: «Егер полиция бірнеше секундқа кешігіп қалса, оны аман алып қалу мүмкін емес еді» деп мәлімдеді.
Қазіргі уақытта қыздың жағдайы бірқалыпты. Полицейлер оның өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болғанын анықтап жатыр.