Қарағандылық сақшылар жеңіс тұғырынан көрінді

«Динамо» дене шынықтыру орталығы кеңесінің ұйымдастыруымен самбодан құқық қорғаушылар мен қарулы күштер арасындағы кездесу Қостанай қаласында маусым айының 25-і мен 28-і аралығында өткен болатын. Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінен Ішкі істер министрлігі құрама командасына Қарағанды қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жедел қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Нұржан Халилин мен Медет Ысқақов, Теміртау қалалық ІІБ Шығыс ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Нұрбек Назаров, сондай-ақ Ішкі істер департаменті «Арлан» арнайы жасақ бөлімінің инспекторы Әнуар Қасымовтар бар. «Қостанайда самбодан өткен жарыста біздің жігіттер өздерінің мықты екендіктерін байқатты. Жалпы есеп бойынша қоржынымызға 5-медаль салып мәреден көріндік», - деді облыстың ішкі істер департаменті кадр жұмысы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Николай Ким.
Қарағандылық тәртіп сақшыларының мұндай жетістікке жеткеніне Николай Ким еш таң қалмайды. Өйткені бұндай жетістікке жетіп, биік асуларды бағындыру тек бала кезден бастап шынығып, бос уақытын спорт залдарында өткізгендердің ғана қолынан келеді. Ал қарағандылық жігіттер жастайынан бастап спортты жанына серік етіп келе жатқандар. Айта кетер болсақ, Нұрбек Халилин самбодан әлемдік жастар арасында өткен жарыстың қола жүлдегері, ІІМ-нің 4-дүркін жеңімпазы, Нұрбек Назаров және Әнуар Қасымов дзюдодан Азияның күміс жүлдегерлері, Медет Ысқақов халықаралық сыныптағы спорт шебері, Азия чемпионы, ал Рахат Ысқақов тәртіп сақшылары арасында самбодан әлем чемпионы.
Самбодан қарулы күштер арасындағы Қазақстан чемпионаты 4 жылда бір рет өткізілетіні белгілі. Осы жылы бұл шара «Динамо» дене шынықтыру спорт орталығының құрылғанына 85 жыл толуына орай өткізілді. Сондықтан да қарағандылық тәртіп сақшыларына дүбірлі додада мәреден көріну мойындарындағы борыш болатын. Бұл борышты олар өз кезегінде еш қиындықсыз орындады. Өзге облыста Кеншілер шаһарының мерейін асқақтатып келген тәртіп сақшыларын облыстық ішкі істер департаменті басшылығы марапатталды.