07:59, 17 Қараша 2011 | GMT +5
Қарағандының Осакаров ауданына қарасты ауыл әкімдігінде ірі өрт болды
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы, Осакаров ауданына қарасты Уызбай ауылының әкімдігінде ірі өрт болды.
Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен мәлім етті.
Өрт 16 қараша күні таңертеңгі сағат 8 шамасында шықты. Екі қабатты әкімдік ғимаратының шатыры, қабаттар арасындағы бөгеулер мен бөлмеаралық қалқалар жанды. Салдарынан ғимараттың 270 шаршы метр аумақта қабаттар арасындағы бөгеулері мен 40 шаршы метр аумақта шатыры құлады.
ҚР ТЖМ Қарағанды облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 14 адамы мен 3 техникасы тілсіз жаудың ошағын екі жарым сағатта жойып, тек жеті жарым сағат өткеннен кейін ғана оны толығымен ауыздықтады.
Жалынның шарпыған жалпы аумағы 150 шаршы метрді құрады. Құтқарушылар анықтағандай, құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.