Қарағандының спорттық-сауықтыру кешендерінде қауіпсіздік ережелері мен санитарлық нормалар бұзылуда - прокуратура

ҚАРАҒАНДЫ. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында прокурорлық тексеру барысында спорттық-сауықтыру кешендерінде санитарлық нормалар мен қауіпсіздік ережелерінің бұзылатындығы анықталды. Бұл туралы Қарағанды қаласы Октябрь ауданының прокуратурасы мәлімдеді.
None
None

«Қарағанды қаласы Октябрь ауданының прокуратурасы спорттық-сауықтыру кешендерінде олардың тиімділігіне және заң нормаларына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Ауданда барлығы 12 спорттық-сауықтыру нысаны бар, оның бесеуі ақылы негізде қызмет жасайды. Тексеру кезінде барлық спорт ғимараттарында нормаларды бұзу анықталды», - деп атап өтті аудан прокуратурасында.

Атап айтқанда, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық қызмет көрсету стандарттары бұзылады.

Одан басқа, спорт және дене шынықтыру сабақтарын жүргізу кезінде қауіпсіздік және санитарлық-гигиеналық норма ережелерін бұзу фактілері анықталды. «Спорттық жабдықтардың тозығы жеткен, қолдан жасалған. Ғимаратта негізгі және күнделікті тазалау жүргізілмейді. Бірқатар спорт залдарында санитарлық ережелер сақталмайды», - деді аудан прокуратурасында.

Прокурорлар 220 мың адам тұратын қала ауданында барлық қажет параметрлер мен стандарттарға жауап беретін спорт ғимараттары тіптен жоқ деген ұйғарымға келді.

Тексеру нәтижелері бойынша спорттық нысандар басшылығы және аудандық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс берілді. Прокуратура мәліметіне сәйкес, ұсыныстарды қарау қорытындысы бойынша санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін үш спорттық нысанның басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал жұмысшылар тәртіптік жаза алды.

Соңғы жаңалықтар