Қарағайды жарты жыл кептіреді: Өскемендік қолөнерші жасаған бесікке сұраныс жоғары

бесік
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағаты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскеменде тұратын Қайнар Қайроллаұлы ағаштан түйін түйеді. Оның жасаған бесіктері мен сандықтарына еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс беретіндер көп. Жуықта қолөнершімен жолығып, сұхбат құрып қайтқан едік.

- Ағаштан түрлі бұйым-заттар жасап келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?

- Биыл жетінші жыл. Бұл – атамнан дарыған өнер. Атам өте дарынды шебер болған. Өз қолымен жасаған киіз үйді ақ патшаға сыйға тартыпты. Сол жайлы естіп өстім. Бойдағы талант ешқашан тасада жатпайды екен. Бала күнімнен сурет салғанды жақсы көретінмін. Анам да ою-өрнектерді әдемі салады. Соған қарағанда нағашы жақтың өнері де қаныма сіңді. 

- Бесікті қалай жасайтыныңызға тоқталсақ. Қандай ағаш қолданасыз?

- Таза қарағайдан жасаймын. Өзіме керекті өлшемдегі тақтайларды тілдіріп, күн тимейтін көлеңкеде кептіремін. Жарты жылға жуық уақыт кептірілген соң одан өте сапалы бесік шығады. Ал олай істемесе, тез жарылып кететін болады. Содан соң құрап, оюын саламын. Барлығын өз қолыммен істеймін. Ешқандай аппарат қолданбаймын. 

бесік
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Бір бесікті жасауға қанша уақыт кетеді?

- Бесіктің дизайнына байланысты. Негізі бояуларына көп уақыт кетеді. Оның өткір иісі де болады. Орташа есеппен бір бесікті 7-10 күнде жасап шығамын. Жалпы бесіктің балаға пайдасы зор. Бесікке бөленген сәби тұла бойы таза, ұйқысы тыныш болады. Денесі құрғақ болып, сыз дарымайды.

- Тағы қандай заттар жасайсыз?

- Бұрындары астау жасайтынмын. Бірақ оны істейтіндер көп екен, сол үшін қойдым. Қазір сандық, теледидар қоятын сөре, киім ілгіш, үстел, бөбектер отыратын орындық жасап жүрмін. Барлығы ұлттық нақышта, оюлармен бедерленген. 

бесік
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Қандай заттарға тапсырыс жоғары?

- Бесікке. Шығыс Қазақстан мен Абай облысының аудандарынан бөлек Оңтүстік, Батыс өңірлерден де тапсырыс жиі түсіп тұрады. Одан кейін сандыққа да сұраныс жоғары. Заттарымды әлеуметтік желіге салып, сол арқылы жарнамалаймын. Тапсырыс беріп, жасаған дүниемді ұнатып жатқандар басқаларға да айтады. Сөйтіп, клиенттерім көбейіп келеді. 

бесік
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Мемлекеттен қандай да бір грант алдыңыз ба?

- 2019 жылы қазіргі Абай облысы Бородулиха ауданында тұрғанмын. Сонда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы 250 мың теңгедей грант алдым. Қазір жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Әлеуметтік желіні де пайдаланған жөн. Солай өз жұмысыңды көрсете аласың. Бірақ әрине, демеушілер табылып, қаржылай қолдау білдірілсе қуанар едім. 

бесік
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Келешекте өзімнің дүкенім болса екен деймін. Мақсатым – Шығыстың брендін қалыптастыру. Дінмұхамед Қонаевтың «Қасыңа табынушылардан гөрі идея қосатын адамдарды көп жина» деген сөзі бар. Бренд жасау үшін команда жинап, ортақ мақсатқа жұмылдырсам деймін. Ұлттық нақыштағы заттарды жасау арқылы қазақтың салт-дәстүрін, тарихын насихаттағым келеді. Айта берсем, мақсаттарым аз емес. Соларға жету үшін шамам келгенше талаптанып жүрмін. 

бесік
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар