Қарақалпақстандағы «Мойнақ» кен орнын бұрғылау кезінде газ атқылады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қарақалпақстанның Мойнақ ауданында орналасқан «Мойнақ» кен орнында жүргізіліп жатқан бұрғылау жұмысының барысында ауаға газ атқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Елдің Энергетика министрлігінен мәлім еткендей, 26 шілдеде 5 мың метр тереңдікте деп болжам жасалған газ кеніне ұңғыма орнату үшін бұрғылау жұмысы жүргізілген. Дегенмен көгілдір отын 4,7 мың тереңдіктен шыға бастаған.
- Ұңғымадағы газ қысымын төмендету және оның ықтимал салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына барған «Өзбекмұнайгаз» АҚ, Төтенше жағдайлар министрлігі, «Өзбекгеофизика» АҚ және жергілікті әкімдіктің мамандары тиісті шараларды қабылдап жатыр. Бастысы - ұңғыма елді мекендерден алыс орналасқан және ауаға атқылап жатқан газ құрамында зиянды күкіртсутегі жоқ, - делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Еске салайық, биыл ақпанда Өзбекстанның Бұхара облысындағы «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырының 106 шақырымында апат болған еді. Сонмен қатар мамырда Өзбекстанның Сұрхандария облысына қарасты Байсун ауданында орналасқан «Мустақиллик-25» («Тәуелсіздік-25») кен орнында құрамында күкіртсутегі жоғары газ атқылады.
Қоса кетсек, биыл жарты жылда Өзбекстанның ірі кәсіпорындары 21,7 млрд текше метр газ өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 700 млн текше метрге аз.
Көгілдір отын өндірісін ұлғайту мақсатында аталған ел үкіметі биыл 15 учаскеде геологиялық барлау жүргізбек.