Қаракөлде қырылған аққулардың өлексесі қалай жойылады

Қаракөлде қырылған аққуларды жою үшін Ақтауға Атырау облысынан жылжылмалы крематорий пеш әкелінеді, деп хабарлайды Kazinform.

 Қаракөлде қырылған аққу саны сегіз жүзден асты
Фото: Маңғыстау облыстық Экология департаменті

Бұл туралы Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Мархабаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Қаракөлде жаппай өліп жатқан құстарды жою жұмыстары енді арнайы техникада орналасқан пеш арқылы жүзеге асырылады.

«Маңғыстауда өлген аққуларды өртеу бойынша Атырау облысынан арнайы техника келе жатыр. Яғни, бұл КамАЗ жүк көлігінің үстінде орналасқан крематорий пеші. Жоспар бойынша 1-2 күнде Ақтау қаласына жетеді. Ал желтоқсан айының соңынан бері қырылған аққуларды жою рұқсат етілген әдіс бойынша қорық аумағында арнайы шұңқырларда өртеліп, көміліп жатыр. Қазірге дейін қырылған 828 аққуды жою жұмыстары атқарылды. Біздегі есеп бойынша Қаракөлде 45 мың аққу бар. Ал бұл індет қашанға дейін жалғасатынын болжау мүмкін емес», - деді басқама басшысы Бердібек Мархабаев.

Айта кететін жайт, бүгінде Қаракөл аумағында қаңғыбас иттер қаптап кеткен. Кейбір куәгерлердің сөзінше олар өлген аққулардың өлексесін қорек етіп жатыр. Ақтау қалалық ветеринариялық станциясының басшысы Самат Нәбиев Қаракөл көлі орналасқан Үстірт аумағында қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жалғасып жатқанын атады.

«Қаракөл аумағынан жексенбіден бері 31 ит ауланып, ұсталды. Қорықта әлі де иесіз иттер жеткілікті. Осыған байланысты біздің станция жұмыстарды жүргізіп жатыр. Қорықтағы демалыс базаларының маңында да иесіз иттер көп. Біздегі дерек бойынша олар көлде өлген аққуларды жеп жүр», - деді Самат Нәбиев.

Бұған дейін "Микробиология және вирусология ҒӨО" ЖШС мамандары вирусологиялық талдау жүргізу кезінде Қаракөл көлінде қыстайтын аққулардың жаппай қырылуы жоғары патогенді H5N1 құс тұмауынан болғанын айтқан болатын. 21 желтоқсаннан бері қорық аумағында құс тұмауынан 828 аққу өлгені анықталды.

Соңғы жаңалықтар