Қарақшылық шабуыл жасады деген күдікті Ресейден экстрадицияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қылмыстық топтың құрамында қарақшылық шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында күдіктіні Ресей Федерациясынан экстрадициялады. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті.

Қарақшылық
Фото: freepik.com

«Күдікті 2015 жылы таныстарымен алдын ала сөз байласып, Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы мейрамханалардың біріне қарақшылық шабуыл жасаған. Қылмыстың нәтижесінде мейрамхана иесіне 46 млн. теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Күдіктінің серіктестері қылмыстық жауапқа тартылды, ал күдікті бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланды», — деп хабарлады прокуратурадан.

Ағымдағы жылдың мамыр айында ол Ресей Федерациясының Ростов облысында ұсталды, содан кейін Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі құралдарын сақтағаны және тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Грузиядан Қазақстан азаматын экстрадициялаған еді.

Соңғы жаңалықтар