12:04, 21 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Қарақұйрық атқан браконьерлер ұсталды - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында Қызыл кітапқа енген бағалы аңдардың бірі - қарақұйрықтың атып алған тағы екі браконьер қолға түсті.

Ол биылғы жылы осындай қаныпезерлікке барып, сирек кездесетін жануарды мерт еткен үшінші адам болып отыр.
Табиғатқа залал келтірушілерді Жалағаш ауданы ішкі істер бөлімінің қызметкерлері мен республикалық «Охотсоюз» мемлекеттік кәсіпорнының өкілдері бірлесіп жүргізген рейд барысында тап бастырмай ұстады. Рейд ауданның Аққыр ауылының маңында түн мезгілінде жүргізілді. Ал браконьерлер осы ауылдың 20 және 22 жастағы екі тұрғыны болып шықты. Енді олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.