Карантин аймағына өтпек болған 457 адам жауапкершілікке тартылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда төтенше жағдай режимін сақтамаудың 4 мыңға жуық фактісі анықталды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев осындай мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантин аймағына өтпек болған 457 адам жауапкершілікке тартылды

«Заң бұзушыларға қатаң шаралар қабылданып жатыр. Карантиндік аймақтардың шекарасын кесіп өтуге әрекет жасағаны үшін 457 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Төтенше жағдай режимін сақтамаудың 4 мыңға жуық, жалған ақпарат таратудың 79 фактісі анықталды. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезеңінде жеке қорғаныс құралдарын заңсыз сатуға жол бермеуге тырысып жатырмыз. 2 млн медициналық масканы, 12 мың литр дезинфекциялық өнімді және 4 мың қорғаныс костюмдерін жоғары бағамен сатудың 28 фактісі анықталды», - дейді ол.

Министрдің айтуынша жеке құрамның денсаулығын сақтауға да маңыз беріліп отырғанын айтады. Барлық бөлімшеде медициналық-профилактикалық бақылау ұйымдастырылған.

«Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің тігін цехтарында маска өндірісі іске қосылды. Бүгінде 1 млн дана дайындалды. Бұдан басқа, карантин іс-шараларына қатысатын жеке құрам үшін арнайы костюмдер тігу өндірісі басталды. 599 жиынтық тігілді. Аталған шаралар біздің қызметкерлерімізді қорғау құралдарымен толықтай қамтамасыз етуге, сондай-ақ сотталғандарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді», - дейді министр.