Карантин: Ішкі туризмге келген шығын қандай

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус індетінің етек алуына байланысты қазақстандықтардың көбі елдегі туристік орындарды таңдауда. Дегенмен Қазақстандағы карантиндік талаптар ішкі туризмнің ілгерілеуіне әжептәуір кедергі келтіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Ең алдымен, карантин талаптары тренинг, конференциялар, банкеттердің өтуіне, сондай-ақ қонақүйлердегі SPA мен бассейндерге әсер етті. Мұндай қызметтерге сұраныс жоғары болды. Бұл қызметтер курорттар мен қонақүйлердің, әсіресе, елорда және Алматы қаласынан түсетін кірістердің 30%-ын құрайды деп айтуға болады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылы туристік компаниялар мен курорттық аймақтар ұсынатын қызметтер көлемі шамамен 300 млрд теңгені (шамамен 730 млн АҚШ долл) құрады. Осы мәліметтерге сүйене отырып, сонымен қатар қызметтердің басым бөлігі жазғы маусымда көрсетілетінін ескере отырып, толық іркіліс мерзімінде Қазақстанның туристік индустриясы күніне шамамен 1 млрд теңгені жоғалтады деп болжауға болады», - делінген ҚазАқпараттың арнайы сауалына орай «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының берген жауабында.


Ұлттық компания берген ресми мәліметке сүйенсек, биыл ішкі туристік ағын өткен жылмен салыстырғанда 70-80%-ға азаюы мүмкін.

«Әлемдегі және елдегі пандемия салдарынан қазақстандықтардың биылғы жылға жоспарлаған демалыс маусымы айтулы өзгерістерге ұшырағаны белгілі. Осы орайда отандастарымыз ішкі туристік бағыттарды таңдауда, алайда елдегі карантинге байланысты туристік сұраныс толығымен жүзеге асырылмай отыр. Сол себепті ішкі туризм көрсеткішінің өсуі екіталай. Болжам бойынша, биыл ішкі туристік ағын өткен жылмен салыстырғанда 70-80%-ға азаяды. Ал жалпы алғанда кейінгі жылдары ішкі туризм көрсеткіші қарқынды дамып келгенін ескерген жөн. Мысалы, 2019 жылы 6,6 млн ішкі турист болды, ол дегеніміз 2018 жылмен салыстырғанда 13%-ға артық», - деді компаниядан.


Бұған дейін қазақстандық туристердің демалыс орны ретінде еліміздің қай өңірлерін жиі таңдайтыны туралы хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар