Карантин: Қызылордада соңғы аптада 8 той тоқтатылды
Қазіргі таңда Қызылорда облысы жасыл аймақта тұр. Өңірде карантин талаптары жеңілдетілген. Дегенмен Қызылорда облысы бас мемлекеттік санитариялық-дәрігерінің қаулысы негізінде өңірде бірқатар шектеу шаралары жалғасуда. Осы талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында қала және аудан әкімдіктерінің жанынан құрылған мониторингтік топ тұрақты жұмыс жүргізуде.
«Нәтижесінде облыс орталығында 22-28 наурыз аралығында 8 отбасылық той тоқтатылған. Оның ішінде, 7-уі мейрамханада өткізілсе, 1-уі жеке үйде болғаны анықталған. Бұдан бөлек, мониторингтік топтың бақылауы барысында 27 наурыз күні «Alen» кафесінде карантин талаптарының бұзылғаны анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табады», - деп мәлім етті Қызылорда қаласы әкімдігінен.
Естеріңізге сала кетелік, жыл басынан бері Қызылорда облысында 100-ден астам карантин талабын бұзу дерегі тіркелген.