Карантинде отбасында жанжал шығаратындарды бақылаудың жаңа тәсілі енгізілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының басшысы Әсет Оспанов карантин кезінде отбасында жанжал шығаратындарды бақылаудың тәсілі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантинде отбасында жанжал шығаратындарды бақылаудың жаңа тәсілі енгізілді

«Ерекше жағдайларда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы бойынша қадағалаудың жаңа тәсілдерін әзірледік. Тіркеуде тұрғандар және құқық бұзушылыққа әуес адамдар қашықтан, яғни әлеуметтік мессенджерлермен видео байланыс арқылы тексерілді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, бұл тәсіл аталған адамдарды жедел бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жайында полиция органдарына жедел хабар беру үшін арнайы алгортим дайындалды. Онымен дәріханалар мен дүкендердің сатушылары, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа тап болуы мүмкін жандар таныстырылды.

«Нәтижесінде, өзін-өзі оқшаулау кезеңінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілікке 8 мыңнан астам құқық бұзушылар тартылды. Олардың арасында жартысына жуығы әкімшілік қамауға алынды», - деді Ә. Оспанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, коронавирус індеті кезінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға өсті.