Қарашада теңге 2,4%-ға нығайды – Ұлттық банк
Қарашаның қорытындысы бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 458,24 теңгеге дейін 2,4%-ға нығайды, деп хабарлайды Kazinform ҚР Ұлттық банкінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың бір күндегі орташа көлемі бір айда 155-тен 192 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,2 млрд АҚШ долларын құрады.
Қаражатты республикалық бюджетке жіберу үшін Ұлттық қордан трансферттерді қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын сатып алу үшін қарашада 1320 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 31% болды және бір күнде 60 млн АҚШ долларынан аспады. Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді. Осы практика Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк қарашада биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды, оның жалпы сомасы 200 млн АҚШ доллары немесе нарықтың жалпы көлемінен шамамен 5%-ын құрады.
Ұлттық Банк «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) активтерінің валюталық үлесін ұлғайту мақсатында қарашада 70 млн АҚШ доллары мөлшерінде валютаны сатып алды.
Ұлттық Банк қарашада валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.