Қарасора – 2026: Қазақстанда есірткіге қарсы республикалық операция басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы бағытталған «Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.

Алматы, ШҚО және Қарағанды облыстарында синтетикалық есірткі таратушылар ұсталды
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, операция 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткізіледі және есірткі қылмыстарының алдын алуға, анықтауға әрі жолын кесуге бағытталған.

Операция барысында құрамында есірткі бар өсімдіктердің заңсыз егістіктерін анықтау, жабайы өсетін ошақтарын жою, есірткі плантацияларының қызметін тоқтату және есірткі тасымалы арналарының жолын кесу жұмыстары жүргізіледі.

– Негізгі назар есірткі дайындаумен, тасымалдаумен және өткізумен айналысатын қылмыстық топтардың қызметін әшкерелеуге, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктердің заңсыз егістіктері мен олардың жабайы өсетін ошақтарын анықтап, жоюға аударылады, – деп хабарлады ІІМ.

Ведомство мәліметінше, операция аясында синтетикалық есірткі өндіру фактілерін анықтау, есірткі сақтау орындарын табу және заңсыз айналымға қарсы кешенді шаралар қабылданады.

Іс-шараға ішкі істер органдарының қызметкерлерімен қатар Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылады. Ауыл шаруашылығы алқаптарында тексерулер жүргізіліп, аумақтарға заманауи техникалық құралдар арқылы мониторинг жасалады.

– Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіргені, есірткі құралдарын дайындағаны, сақтағаны, тасымалдағаны және өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Осыған байланысты азаматтарды мұндай құқық бұзушылықтар туралы полицияға хабарлауға шақырамыз, – деп ескертті министрлік.

ІІМ өкілдерінің айтуынша, «Қарасора – 2026» операциясы есірткі қылмысына қарсы күрес пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады.

Айта кетейік, Шымкентте синтетикалық есірткі таратумен айналысқан күдікті ұсталды.