Қарасораға қарсы күрес: Жамбыл облысында 4 500 гектар алқап тазартылды

ТАРАЗ. KAZINFORM — «Есірткісіз болашақ» жобасы аясында Жамбыл облысында 2025 жылдың өзінде 4 500 гектардан астам аумақта 2 581 тонна жабайы қарасора жойылды. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров мәлімдеді.

Ақмола облысында ауыл тұрғынының бақшасынан 920 түп қарасора тәркіленді
Фото: polisia.kz

Облыс прокуроры Меркі ауданында есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл шараларының орындалу барысын тексеріп, жергілікті полиция департаментінің «Дельта-долина» арнайы бөлімшесі және уәкілетті органдардың есебін тыңдады.

Өткен жылы нақты координаттар бойынша анықталған 1 195 гектар аумақта 1 000 тоннадан астам қарасора шабу және химиялық өңдеу арқылы жойылған болатын. Биыл бұл көрсеткіш екі есеге артып отыр: 4 514 гектар жерден 2 581 тонна жабайы қарасора жойылған. Бұл облыс және еліміздің басқа өңірлерінде есірткі айналымының алдын алуға айтарлықтай ықпал етті.

Прокуратура тарапынан есірткі қылмыстарының алдын алу тиімділігін арттыру және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету үшін қосымша ұйымдастырушылық-құқықтық шаралар кешені қабылданды.

Осы мақсатта прокуратура, құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті, полиция департаменті, сарапшылар және дағдарыс орталығы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандумның арқасында тергеу әрекеттерінің жеделдігі артқан: 35 қылмыстық іс бойынша сараптамалық қорытындылар шұғыл дайындалып, бір тәуліктің ішінде айыптау үкімдері шығарылды.

Бұдан бөлек, синтетикалық есірткілерді анықтау және оларды тәркілеу көрсеткіші төрт есеге өскені тіркелді. «Ақша ізін қуу» қағидаты негізінде 5 320 есірткі есебі бойынша 64 млн теңгеден астам сома бұғатталды.

Нұрғалым Әбдіров құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту, сондай-ақ алдын алу мен бақылау тетіктерін күшейтуді тапсырды.

Өңірде есірткі қылмыстарының жолын кесу жұмыстары жалғасуда.

Айта кетейік, Жамбылдың 32 ауылында кәсіпкерлер ішімдік сатудан толықтай бас тартқан.

Соңғы жаңалықтар