Қаратөбе ауданы мал басын көбейтуі керек - БҚО

Өңір басшысы алдымен «Жымпиты - Қаратөбе» автожолын орташа жөндеу жұмысымен танысты. 55 км жолды орташа жөндеуден өткізу үшін құны 2,6 млрд. теңге тұратын бұл жобаға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырыс берген. Былтыр 1 млрд. теңгеге жолдың 21 шақырымы жөнделген. Ал биылғы жоспар бойынша қазан айына дейін қалған 34 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Бас мердігер «Uniserv» ЖШС-ның жетекшісі Нұрғазы Сәтбаевтың айтуынша, жұмыс жоспарлы мерзімінен бұрын тәмамдалмақ.
Мұнан кейін облыс әкімі Үшағаш ауылының маңындағы күрделі жөндеуден өткен «Қалдығайты көлтабанды суландыру жүйесі» нысанында болды. Құны 88,7 млн. теңгені құрайтын 10 мың гектар шабындық, ауыл шаруашылығы жерлерін суландыруды көздейтін жоба өткен жылдың желтоқсан айында сәтті жүзеге асқан. Нәтижесінде биылғы көктемде 8 мың 585 гектар жерге су шығарылып, мал азығының екіжылдық қорын даярлауға мол мүмкіндік жасалған. Өңір басшысы осы жерде Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі бес елді мекенді «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша сумен қамтитын жабдықтау жүйесінің жобасымен танысты. Бүгінгі таңда Шөптікөл және Сулыкөл ауылдары «Таза су» бағдарламасымен 2007 жылы салынған орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ал Үшағаш және Үшана ауылдары үшін таза су Қаратөбе ауылынан тасымал болып отыр. Соналы ауылы болса шахталы құдықтарды пайдалануда. Жоба жүзеге асқан жағдайда 4 235 адам таза ауыз сумен қамтылады. Құны 936 миллион 603 мың теңгеге бағаланған жобаны жүзеге асыруға тоғыз ай жеткілікті деп есептелген. Жобалық құжаттама 2014 жылы қабылданған. Облыс әкімі бұл жұмысты екі кезеңге бөліп жүзеге асыру жолдарын қарастыру керек екенін айтты.
Өңір басшысы Аққозы ауылдық округіне қарасты «Жайна» шаруа қожалығының мал азығын әзірлеу жұмыстарын көріп, сол жерде аудандағы бірнеше шаруа қожалықтарының жетекшілерімен жүздесті. Шаруалар күрделі жөндеуден өткен бөгеттің мол пайдасы тиіп, шабындық жайқалып шыққанымен, жиі жауған жаңбыр мал азығын даярлауға аздаған кедергі келтіріп тұрғанын айтады. Облыс әкімі шаруашылыққа қолайлы аудан үшін жылқы саны аз екендігіне тоқталып, аталмыш аймақтың географиялық орналасу ерекшеліктерін пайдалана отырып, Қамбар ата түлігін, сондай-ақ жалпы мал басын көбейте түсуді қолға алу керектігін ескертті. Ол бұл бағытта шаруаларға мемлекеттік бағдарламалар жұмыс жасап тұрғанын, қажетті қаражаттың жеткілікті екенін айтты.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов Құсайын Мұқанов басшылық ететін «Қоржын» және «Сатыбалды» шаруа қожалықтарында болды. «Сатыбалды» шаруа қожалығы 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 39 млн. теңгеге ірі қараның 196 бас аналығын, 2014 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 48 млн. теңгеге 162 бас бие, 10 бас айғыр алған. Сондай-ақ қазақтың ақбас сиырының тұқымына жататын 99 бас қашар сатып алып, асыл тұқымды мал санын көбейтіп отыр.
- Қос қожалығымда 15 мың гектар жер бар. «Сатыбалды» шаруа қожалығы қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсірумен айналысады. Мұнда қазіргі уақытта бұзауларын қоса есептегенде 800 бастай ірі қара малы бар. Ал «Қоржын» шаруашылығындағы 400 бас қылқұйрықтының алпыс басы ақтөбелік жабы асыл тұқымды жылқысынан әкелінді. Мал жайлауға шығады. Жайлауға да типтік үлгідегі үйлер салып, оларды күн нұрынан қуат алатын құрылғылар арқылы электр энергиясымен жабдықтадық. Болашақта жоңышқа, өзге де көпжылдық екпе шөптер егіп, мал азығын даярлаудың түрлі әдістерін қолға алғымыз келеді. Бірақ соңғы жылдары Жақсыбай өзенінен толығатын көлтабандар ондағы бөгеттердің ескіруі салдарынан сусыз қалып жүр. Ол жерге жаңадан бөгеттер салынса, екі мың гектардай жерді суландыруға болады. Ал біздің шаруашылығымыз үшін оның 400-500 гектары да жеткілікті болар еді. Аудан орталығынан бес шақырым қашықтықтан жер алып, мал сою, бордақылау кешенін салмақшымыз. Ол үшін мәскеулік ауыл шаруашылығы мамандарымен келісім жасастық. Олар бізге күніне 20-30 бас мал соятын цех орнатып бермек. Қазіргі уақытта шаруашылықта 200 бас бие құлындағалы тұр. Амандық болса келесі жылы құлындайтын биелердің саны 300-ге жетпек. Сол кезде бие сауатын жерге электр энергиясын жеткізу мәселесі шешілсе, сүттен ұнтақ жасауды қолға алмақпыз. Көктемде Қарағанды облысының Осакаров ауданына барып, бие сүтінен ұнтақ жасау технологиясымен таныстым. Қытай Халық Республикасында болып, ондағы ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізудің озық үлгілерін көріп келдім. Жәңгір хан атындағы агротехникалық университетінің ғалымдарымен малды асылдандыру бағытында тығыз жұмыс жасаудамыз. Ғалымдар мен еңбек ететін жастар үшін шаруашылық басынан аумағы 150 шаршы метрлік үй салудамыз. Сондай-ақ бұл жерге көгілдір отын тарту үшін 33 млн. теңгенің жобасын жасадық. Малды құдықтан суару жүйесі автоматтандырылған. 2014 жылы 2,5 млн. теңгеге құдық қаздырып, таза тұщы су шығарған едім. Ол үшін былтыр мемлекеттің сексен пайыздық демеуқаржысына ие болдым. Шаруашылықта 23 кісі еңбек етеді. Бәрі де өз ауылымыздың адамдары. Ендігі мәселе бұл бағыттағы жұмыстарға жастар жағын тарту болып тұр. Болашақта мал шаруашылығы саласында, механизаторлық бағытта еңбек еткен қызметкерлерге мемлекет тарапынан ертерек зейнетке шығу секілді түрлі жеңілдіктерді қарастырса, бұл салада жұмыс жасаудан ешкім де қашпас еді деп ойлаймын, - дейді Құсайын Ізімұлы. Облыс әкімі шаруашылық басшысы баяндаған мәселелерге байланысты билік тарапынан қолдау болатындығын жеткізді.
Өңір басшысы жеке кәсіпкер Сержан Ашығалиевтің аудан орталығындағы «DEM» алкогольсіз сусындар өндіру цехына бас сұқты. Кәсіпкер өткен жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 11 млн. теңге несие алып, өз жұмысын бастаған. Бүгінде жаңадан ашылған жұмыс орнында бес адам қызмет етеді. Облыс әкімі осы жерде ауданның бірқатар кәсіпкерлерімен жүздесіп, олардың жұмыс бағыттарымен танысты. Солардың бірі, жеке кәсіпкер Гүлнәр Мұсаева тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарда өз кәсібін қолға алған. Бүгінде азық-түлік дүкені мен сексен орындық асханасы бар. Ол 13 отбасын жұмыспен қамтып отыр. Олардың арасында аз қамтылған жанұялар да бар.
- Қарауымда қызмет ететін отбасылардың бірінің екі бөлмелі үйі болды. Онда үш жанұя бірге тұрып жатты. Көп балалы әрі үйінде үлкен кісі бар еді. Біз ол үйге бас сұққан сайын үлкен кісі риясыз көңілімен батасын береді. Содан отбасымызбен ойлана келіп, бір сатылатын үйді өздеріне алып бердік. Бұдан бөлек тағы үш отбасына ауданы 100, 130, 160 шаршы метрді құрайтын құрылысы аяқталмаған үйлерді сатып әперіп, қажетті материалдармен көмектесіп жатырмын. Әр үйге 3 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсаудамын, - дейді Гүлнәр Орынбасарқызы.
Облыс әкімі Қаратөбе ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде аудан жастарымен кездесіп, оларды қандай мәселелер толғандыратынын сұрады. Қалдығайты орта мектебінде математика пәнінен ұстаздық ететін жас маман Мәди Қайырғалиев ауылында ғаламтор жылдамдығының тым баяу екенін айтты. Мәселе шешілсе, оқушыларға білім берудің заманауи әдістерін қарастыруға, сондай-ақ ауыл тұрғындары әр түрлі құжаттар үшін аудан орталығына сабылмай-ақ, электронды үкіметтің игілігін көруге болатындығын алға тартады ол. Ал «Алтын белгі» иегері атанған биылғы мектеп түлектерінің бірі Алтай Көлгіновтен «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алудың жай-жапсары туралы ақыл-кеңес сұрап, тұщымды жауап алды.
Жас маман, «Қазақстан - Орал» телеарнасының Қаратөбе ауданындағы тілшісі, Ақтөбе облысының тумасы Нұргүл Қабылан қызметіне келгелі бір жыл өтсе де, пәтер жалдап тұрады екен.
- Өзіңіз білетіндей, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы тек қана мұғалімдерге, мәдениет және медицина саласының қызметкерлеріне ғана жүріп тұр. Ал журналистерге, мемлекеттік қызметкерлерге, жалпы өз тағдырын ауылмен байланыстырған кез келген жас маманға мұндай қолдау қажет-ақ. Үй алмаған мамандарды түпкілікті болмағанмен, қызметтік тұрғын үймен қамту немесе пәтер жалдап тұратындарын мемлекет қаржыландыратын жағдай жасалмаған. Осы мәселені қаперіңізге салғым келеді, - деді Нұргүл Қабылан. Алтай Көлгінов жас тілші көтерген мәселені шешу жолдарын ойластыру қажет екенін айтты. Жүздесу барысында бүгінгі қоғамдағы дін мәселесі, сондай-ақ техника саласы ма-мандарының тапшылығы секілді тағы да бірқатар мәселелер талқыланды. Облыс әкімі жастарға «Әрбір адам бірінші кезекте өзіне қоятын талапты күшейтуі керек. Қай уақытта болса да, аянбай еңбек еткен жан барлық қиындықты жеңіп шығады», - деп оларды болашақ үшін тер төге қызмет етуге жігерлендірді. Кездесу соңына қарай Мерей Амангелдиев есімді өнерлі жас қасиетті Рамазан айының құрметіне «Аллаға шүкіршілік» атты терме орындады. Содан кейін ол өз домбырасын өңір басшысына ұсынып, қазақы дәстүр бойынша қонақкәде сұрады. Алтай Сейдірұлы жалынды жастарға арнап «Еркесылқым» күйін шертіп берді.
Қаратөбе ауылындағы жеке кәсіпкер Елдос Аюпов өз қаражаты есебінен 3 млн. теңге жұмсап наубайхана салған. Наубайхананың қуаттылығы күніне 250 нан пісіруге жетеді. 2013 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан нысанда үш адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа жалақылары 30 мың теңгені құрайды. Кәсіпкер алдағы уақытта қызметкерлерін аспаздық мамандыққа оқытуды қолға алмақшы екен. Облыс әкімі оларды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы тегін оқытатын мүмкіндік бар екенін жеткізді. Алтай Сейдірұлы наубайхана жұмысын жоғары бағалап, сәттілік тіледі.
Өңір басшысы Қаратөбедегі орталық саябақта тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мәдени ісшараны тамашалап, ауыл ақсақалдарымен жүздесті. Оларға атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап, айтар мәселелеріне құлақ түрді. Ал ақсақалдар болса, бүгінгі бақуатты тірліктеріне дән риза екендіктерін жеткізіп, облыс басшысына баталарын жаудырды.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі»