Қаратөбе ауданында «ДЕМ» ауыз су өндірісі жолға қойылды - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау-көмек көрсетілген кәсіпорындардың қызметтерімен таныстыру бағытында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалы пресс-тур өткізді. Пресс-турдың бірінші кезеңінде журналистер Қаратөбе ауданында болып, мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие-гранттарға қол жеткізген бірқатар мекеме-кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты.
None
None

- Мемлекет ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің дамуына көңіл бөлуде. Қазір кез келген адамның бизнесті жүргізудің негіздеріне оқуына және өз ісін ашуына, кәсіпкерлікті қолдау тетіктері жайында тегін кеңес алуына көмектесеміз. Бірқатар бағыттар бойынша консалтингтік қызмет көрсету тегін жүргізіледі. 2015 жылы облыс бойынша 87 жоба субсидияланды, оның ішіндегі 14 жоба ауылдық жерлерден. Сонымен қатар 58 жобаға кепілдік берілді, соның 31-і аудандарда жүзеге асырылуда. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы іске қосылғаннан бастап 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін өңірімізде жалпы шамасы 50 миллиард теңге болатын 471 жоба пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша, жалпы несиелік портфель шамасы 3,3 миллиард теңгені құрайтын 98 жоба кепілдік беру бойынша мақұлданды және кепілдік беру шамасы 1,3 миллиард теңгені құрады. Тек биылғы үш айдың қорытындысында 20 жобаға «Даму» қоры кепілдік беріп, субсидиялады, - деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның БҚО бойынша аймақтық филиалының құзыреттілікті арттыру бағдарламалары бойынша бас маманы Ренат Құсманов.

Облыс орталығынан шалғай жатқан Қаратөбе ауданының орталығындағы шағын цехта «ДЕМ» деп аталатын құтыдағы ауыз су өндірісі жолға қойылған.

-Өз ісімді ашуды көптен бері армандайтынмын. Балалық шағым өткен аудан орталығы Қаратөбедегі Тышқантай жерасты су қоры суының дәмі жөніндегі жақсы лебіздерге құлағым бұрыннан-ақ қанық болатын, - дейді оралдық кәсіпкер Сержан Ашығалиев.

2014 жылы Сержан Қаратөбе ауданы аумағынан 0,15 гектар жер телімін алып, өндірістік цех құрылысын бастады. Құны 11 млн. теңге тұратын жобаны іске асыруға кәсіпкер қажетті қаржыны «Ресей жинақ банкі» АҚ-ның Оралдағы филиалынан алды. Кепілзат жетіспейтін болғандықтан, «Даму» қоры 6,6 млн. теңге көлемінде кепілдік берді. Сонымен қатар ісін жаңадан бастаған кәсіпкерге банктен алған несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді.

Су өндіретін цех 2015 жылдың мамыр айында іске қосылды. Онда 0,5, 1, 1,5, және 19 литрлік құтыларға су құятын төрт өндірістік желі орнатылған. «Цехта су құйылатын сыйымдылықтар дайындалады. Су алатын ұңғымамыз бар, қазір оның төлқұжаты дайындалуда. Әзірге су құбырдан алынып сүзіледі, сыйымдылыққа құйылады, газдалады. Тәулігіне үш текше метр ауыз су өндіріледі. Қаратөбенің суы жұмсақ, табиғи», - деді Сержан Ашығалиев.

Өнімнің қазақстандық СТ-КЗ сертификаты бар. Жұмыс орнында алты адам жұмыс істейді.

-Биылғы жазда жобалық қуатқа шықпақпыз. Егер де екі ауысыммен жұмыс істейтін болсақ, тағы да бірнеше адамды жұмысқа тартамыз, - деді кәсіпкер.

Сержанның «ДЕМ» сауда белгісі бар өнімі Қаратөбе ауданында және облыс орталығындағы, сондай-ақ Атырау мен Ақтөбе облыстарының бірнеше аудандарындағы сауда орындарында тұтынушыларға ұсынылуда. Тек Қаратөбе ауданының орталығында «ДЕМ» суы 10 дүкенде, Оралдағы ірі сауда орындарында сатылады. Өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкер биыл мамыр айында Астана қаласындағы «Көрме» көрме орталығында өткен отандық тауар өндірушілерінің көрмесіне қатысты. Ол мұндай шаралардың кәсіпкер үшін, әсіресе, кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкер үшін пайдалы екенін айтады. «Су өндірісі саласындағы өзге кәсіпкерлермен кездесіп, тәжірибелерімізді ортаға салдық, жоспарлар құрдық. Астанадағы сауда желісінің өкілдерімен, су өндірісіне қажетті құрал-жабдық шығаратын өндірісшілермен жүздесудің тиімді жағы мол, - деді Сержан Ашығалиев.

Қазіргі уақытта кәсіпорын алдындағы басты міндет - өнім өткізу нарығын тарылтпай, оны кеңейте түсу.

Қаратөбе ауданы Шөптікөл аулының тұрғыны Омар Хасинов мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қаржылық грант алып, ағаш өңдеу цехының жұмысын жолға қойды.

Қолы шебер Омар аталмыш бағдарлама туралы естіп, облыс орталығындағы гранттық комиссияға ат арылтып барады. Бірақ оның шағын өндірістік цех ашамын деген құлшынысын комиссиядағылар қолдай қоймайды. Басқа біреу болса, қолын бір-ақ сілтеп, екінші мәрте комиссия алдына барудан бас тартар еді. Ал шешен ұлтының қайтпас қайсар жігіт ағасы алған бетінен қайтпайды. Жинағын салып, пластикалық есік, терезе жасайтын құрал-жабдық сатып алып, орнатады. Қасына Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген ұлы Ибрагимды алып, өнім шығаруға кіріседі. Ауылдағылардан түсетін тапсырыстар да аз емес. Сапалы өнімді алыстағы қаладан тасымалдағанша, қол созым жердегі цехтан тапсырыспен жасатқан әлдеқайда тиімді. Омар мұнымен шектелмей, ағаш өңдеп, ағаш өнімдерін шығар-ғысы келеді. Сөйтіп, ол «Даму» қорының облыстық филиалы жанынан «Бизнес-кеңесші» бағдары бойынша оқиды. Содан кейін облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жанындағы инновациялық гранттар жөніндегі комиссияның алдына екінші мәрте келеді.

-Өткен жылы ағаш өңдеу цехын ашу жөніндегі жобам мақұлданды. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 1 миллион 154 мың теңге көлемінде грантқа қол жеткіздім. Қаржыға ағаш өңдейтін станок, қажетті құрал-жабдық, шикізаттық ағаш материалдарын сатып алдым. Қазір ауыл тұрғындарынан ағаштан қоршаулар жасаудамыз. Жалпы тапсырыстар көп, кейде Оралдан да келіп, тапсырыстар береді. Ағаштан түрлі құрылыс материалдарын, есік-терезе жасаймыз, - деді кәсіпкер Омар Хасинов.

Қаратөбе аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозовтың айтуынша, ауданда 2015 жылды және биылғы жылдың 4 айын қоса алғанда 25 шағын кәсіпкерлік субъектісі жаңадан ашылып (2014 жылы 16), 25 адам жұмысқа орналасқан. Жаңа кәсіпкерліктердің жетеуі ауыл шаруашылығы, үшеуі көлік тасымалы, сегізі сауда, жетеуі басқа салаларға тиесілі. Тағы бір екпін түсіре айтатын жаңалық - ауыл-аймақтағы өнімді өңдеу цехтарының жылдан-жылға көбейе түсуі. Өңдеу саласы бойынша ауданда сегіз шағын цех (ауыз су өндірісі, тігін цехы, екі наубайхана, бір кулинария т.б.) жұмыс істейді. Өткен жылғы көрсеткішпен (2015 жылы 1 млн. 977 мың теңге) салыстырғанда, есепті мерзім ішінде өңдеу саласындағы өнім өндіру көлемі екі есеге (3 млн. 397 мың теңге) өсіп отыр.

Соңғы жаңалықтар