Қаражалда электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді
ҚАРАЖАЛ. KAZINFORM – Қаражал қаласында электр желілеріндегі апат салдары толық жойылып, 385 абоненттің барлығы, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар нысандар да қайтадан электр энергиясына қосылды. Жүргізілген техникалық диагностика нәтижесінде бірқатар трансформаторлық қосалқы станцияда ақау мен жерасты желілері қалпына келтірілді.
Ұлытау облысы әкімдігінің мәліметінше, қала аумағындағы барлық трансформаторлық қосалқы станцияға толық тексеру жүргізілген. Байеш батыр көшесіндегі 46 абонент пен бір әлеуметтік нысанды – «Қазпошта» бөлімшесін электр энергиясымен қамтамасыз еткен ТП-9 қосалқы станциясы пайдалануға жарамсыз деп танылды. Сонымен қатар Б. Сүлейменов көшесіндегі ТП-38 қосалқы станциясынан қуат алған тағы 9 абонентке қызмет көрсететін жерасты электр желісінде тұйықталу фактісі анықталды.
– Апат салдарын жоюға қаладағы ірі кәсіпорындар – Qarmet компаниясы, «ЖГОК» АҚ, «Қаражал Оперейтинг» ЖШС, «Орда групп» ЖШС, Қаражал қаласы әкімдігінің «Қалалық коммуналдық шаруашылық» КМК және «Жәйрем Болашақ» КМК жұмылдырылды. Қалпына келтіру жұмыстарына 12 электрик тартылып, төрт арнайы техника мен бес жеңіл автокөлік пайдаланылды. Жұмыстардың үздіксіз әрі үйлесімді жүргізілуін қамтамасыз ету үшін оқиға орнында жедел топ жұмыс істеді, - деп мәлімдеді Ұлытау облысы әкімдігінде.
Апатты жою жұмыстарына қатысқан Qarmet компаниясының қызметкері Бергентай Ысқақов атқарылған жұмыс барысына тоқталды.
– Тоғыз трансформатор істен шықты. Басшылықтың өтінішінен кейін келесі күні-ақ жөндеу бригадасына қосылдым. Алдымен барлық трансформатор ажыратылып, 6 кВ желі тексерілді, оқшаулаудың жай-күйі бағаланды, істен шыққан элементтер ауыстырылды. Осыдан соң трансформаторларды шағын аудандар бойынша кезең-кезеңімен қайта қоса бастадық, - деді маман.
Оның айтуынша, апаттың негізгі себебі – электр жабдықтарының шамадан тыс жүктелуі.
– Қыс мезгілінде электр энергиясын тұтыну күрт өседі, ал желілер мен трансформаторлар ұзақ жылдар бойы пайдаланылып, тозған. Сол себепті сақтандырғыштар жүктемеге шыдамай, апат болған, - деп түсіндірді Бергентай Ысқақов.
Бұған дейін Қаражал қаласында подстанциядағы апат салдарынан тұрғындар бір тәуліктен астам уақыт электр энергиясынсыз қалғаны, жүздеген үй мен бірқатар әлеуметтік нысанның жұмысы тоқтағанын хабарлаған едік.