«Қардың қалыңдығы 10-15 см». СҚО-да боран, бір ауданда жол жабық
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысына қыс келді. Таңертеңнен жауған қардың арты боранға ұласып, тұрғындарды әбігерге салып жатыр. Ал Есіл ауданында жергілікті атқарушы органдар жолды жабуға шешім қабылдады.
Өңір бір сәтте қарға оранды. Таңертеңнен тоқтаусыз жауған қардың биіктігі Петропавлда кей жерлерде 10-15 см-ге жеткен.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Петропавлда қазіргі уақытта желдің екпіні секундына 22 метр. Ертең де осындай ауа райы сақталмақ.
«Облыстың басым бөлігінде күндіз көктайғақ, бұрқасын болады. 7 қарашада түнде облыстың солтүстігінде қатты қар жауады, басым бөлігінде көктайғақ, бұрқасын. Тәулік бойы екпіні секундына 15-20 метрге, оңтүстігі мен шығысында секундына 30 метрге дейін жететін қатты жел тұрады», — делінген хабарламада.
СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жол-көлік апаттарының алдын алу үшін Есіл ауданында көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Бұған дейін өңірде 5 млрд теңгеге тасқын шайған қорғаныс бөгеттері қалпына келтіріліп жатқанын жазған едік.