Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басшысы ауысты
АСТАНА. KAZINFORM — Рүстем Мұхтарұлы Төлеутаев «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы ДСМ баспасөз қызметі мәлім етті.

Тиісті шешім С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Директорлар кеңесінің отырысында қабылданды.
Рүстем Төлеутаев клиникалық және басқарушылық тәжірибесі мол Қазақстанның жетекші кардиохирургтарының бірі болып саналады.
2006 жылы Новосібір мемлекеттік медицина университетінің емдеу факультетін, 2007 жылы Новосібір облыстық ауруханасының базасында жалпы хирургия бойынша интернатураны, 2009 жылы академик Мешалкин атындағы қанайналым патологиясы ҒЗИ-да жүрек-қантамырлары хирургиясы бойынша клиникалық ординатураны үздік бітірді.
2013 жылы Milano-Bicocca (Италия) университетінде кардиохирургия бойынша магистр дәрежесін қорғады.
2009-2015 жылдары акад. Мешалкин атындағы қанайналым патологиясы ҒЗИ жаңа хирургиялық технологиялар орталығында кардиохирург, сондай-ақ 2012-2013 жылдары — Италияның Бергамо қаласындағы Papa Giovanni XXIII клиникасының кардиохирург дәрігері болып жұмыс істеді.
2015 жылдан бастап 2019 жылға дейін А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиохирургия және жүректі трансплантаттау бөлімінің (Алматы қ.) меңгерушісі қызметін атқарды.
2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін кардиохирургия қызметін басқарды және жүрек-қанайналымы зертханасымен және Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ операциялық блогымен кардиохирургия бөлімін басқарды.
Рүстем Төлеутаев — медицина ғылымдарының кандидаты, PhD докторы, денсаулық сақтау магистрі, «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі».
«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Алтын медалімен, Қазақстан кардиологтары қауымдастығының «Ақ жүрек» төсбелгісімен, сондай-ақ қазақстандық трансплантологияны дамытуға қосқан үлесі үшін Heart Center Foundation эндаумент-қорының естелік белгісімен марапатталған.
Бұдан бұрын Шымкентте Арман Әбдешовке қатысты істен кейін басқармаға уақытша басшы келгенін жазған едік.