Қарғалы өзені жасыл түске боялды: зерттеу нәтижесі қашан дайын болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Қарғалы өзенінің түсі өзгеруіне байланысты су сынамалары алынды. Оның нәтижесі бірнеше күннен кейін белгілі болады.

Қарғалы өзенінің жасыл түске енуіне байланысты тексеру жүргізіледі
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жауабына сәйкес, 5 тамыз күні Алатау ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Қарғалы өзенінен су сынамаларын алған.

— Алматы қаласы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының зертханасына Қарғалы өзенінен микробиологиялық, санитариялық-химиялық және паразитологиялық көрсеткіштер бойынша зертханалық сараптама жүргізу үшін су сынамалары алынып, жеткізілді. Зерттеу нәтижелері 5 күннен кейін белгілі болады, — делінген департамент жауабында.

Сондай-ақ СЭБ департаменті Қарғалы өзені шаруашылық-тұрмыстық мақсатта пайдаланылмайтынын атап өтті.

— Өзен бойының барлығы дерлік бетонмен қоршалған, бұл суды пайдалануға немесе оған қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Дегенмен, түсі өзгерген суды тікелей пайдаланған жағдайда ол халықтың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Әрине, боялған суды пайдалану қауіпсіз емес, бірақ Қарғалы өзені халық тарапынан тұрмыстық мақсатта қолданылмайды, — деп түсіндірді мамандар.

Одан бөлек Алатау ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Еске салайық, 4 тамыз күні Қарғалы өзені жасыл түске енді. Алматы әкімдігі көпірден өзенге жасыл түсті химиялық зат төгілген болуы ықтимал екенін хабарлады.

Бұл жағдайға байланысты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі де мәлімдеме жасады.

Соңғы жаңалықтар